Жетісу облысында 366 адамды кене шаққан
Жетісу облысында биылғы төрт айда 366 адамды кене шаққан.
Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23 жағдайға көп. Зиянкес жәндіктен жапа шеккендердің тең жартысынан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. Шағымданғандардың 90 пайыздан астамы дәрігерлерге қаралып, оларға иммуноглобулин егілген. Қалғандары уақытын өткізіп алған немесе медициналық шектеуі бар тұрғындар. Жалпы Жетісу өңірі эндемиялық аймақ санатына жатады. Сондықтан да жыл сайын кенеге қарсы жүргізілетін дәрілеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Мейрамгүл Көбейсінова, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Маусым айының үшінен бастап кенеге қарсы екінші тур өңдеу жұмыстары басталады. Барлығы облыс бойынша 230 гектар жерге өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Екінші тур біткеннен кейін өңдеу жұмыстарының тиімділігін тексеру мақсатында арнайы мамандармен жұмыстар жүргізіледі.