Жаңадан құрылған Қатон-Қарағай ауданында төрт ірі жоба іске асырылып жатыр
Шығыс Қазақстанда жаңадан құрылған Қатон-Қарағай ауданында төрт бірдей ірі жоба іске асырылып жатыр.
Жылу қазандығы салынып, желілер ауыстырылуда. Орталықтандырылған су құбыры да тартылды. Сонымен қатар құрылысы ширек ғасыр бұрын басталып, сол беті аяқсыз қалған үйлер қайта қалыпқа келтіріле бастады.
Қайта құрылған Қатон-Қарағай ауданында бірнеше жоба қолға алынды. Мамандар алдымен аудан орталығындағы жарты ғасырдан аса тарихы бар мына ескі қазандықтан құтылуды жөн көріпті. Қасынан заманауи, модульді жылу кешені салынуда. Желілер де ауыстырылады. Екі жобаға 2 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінді.
Қайрат Ақботин, мердігер компанияның бас инженері:
- Жетпіс проценті істеліп тұр қазандықтың, жылу жүйесінің де сондай мөлшері пайызы істелінді, ені бір екі ай ішінде жылдам тапсыруға жанталасып жатырмыз.
Алтайда жаз қысқа. Күні ертең қылышын сүйретін қыс келеді. Ал шаруа шаш етектен. Сондықтан, қолға алған істерді жедел атқармаса болмайды. Орталықтандырылған су құбырын тартуға 4,5 миллиард теңге жұмсалды.Ал ауыл белсенділері бұл жұмыстың барысын тікелей бақылап жүр. Әсіресе Қатон-Қарағай өзенінен су тасып, әбден бейнеттенген қариялар үшін бұл аса маңызды.
Ғарапша Сафин, ауыл тұрғыны:
- Бұрын колонкалар болған жоқ, Катонка ағып жатыр, содан су алатынбыз, сосын ау жақта бір колонка істеп берді соған барып очередке тұратынбыз флягпен, сөйтіп, тасып жүріп осы күнге жеттік, Қатонқарағайда су болса, Қатонның халқы риза болады.
Ауыз су тапшылығы,жол,қатынас нашарлығынан шекара түбіндегі ауылдан жұрт кезінде үдере көшкен еді. Енді мақсат қалаға бет түзеген халықты тоқтату.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Бұл үйлер ауылдың сәнін кетіріп 25 жыл бойы қаңырап бос тұрған еді. Енді мінеки іші сырты әрленіп, қайта қалыпқа келтіріліп жатыр. Ауласы абаттандырылып, болашақта әдемі бір ауданға айналады.
Баспанамен қамту кадр тапшылығын жойып, жастарға үлкен демеу берері сөзсіз. Қазір ауданда 30 шақты жұмыс орны бос тұр.
Расул Қарабалинов, Қатон-Қарағай ауданы әкімінің орынбасары:
- Келетін кісілер бар,келіп жатыр, жұмысқа алып та жатырмыз, біз ойлаймыз Қатон-Қарағайдан шыққан азаматтар қайта келіп, осы ауылды көтеріп, Отаным, жерім деп кеп жатыр жұмысқа.
Келгендерге жүктелер міндет көп. Алдағы уақытта туристік орындар мен шалғай ауылдарға апарар жолды жөндеу жоспары тұр. Болашақта әуежай салып, ұшақ қатынасын жанадандыру да ойда бар.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов