Жылумен қамту енді жаңа заңмен реттеледі
Елдегі жылумен қамту саласы енді жаңа заңмен реттеледі.
Осылайша, мемлекет энергетикалық бақылауды күшейтпек. Бүгін Мәжіліс «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.
Айта кету керек, бұл сала бойынша жеке заң Қазақстанда алғаш рет әзірленіп отыр.
Бұған дейін «өгей баланың» күйін кешкен жылу энергетикасы енді өз алдына бөлек сала ретінде қаралатын болды. Олай дейтініміз, дәл осы жылу саласына қатысты нақты заң не оны қадағалайтын орган болмаған. Мәселе қозғала қалса, электр энергиясынның көлеңкесінде қалып қоя берді. Салдары белгілі. Қыстай жылуға жарымаған аймақтар болды. Мәселен, еліміздегі 13 мың шақырым жылу желілерінің 53% әбден тозығы жеткен. Тіпті Арқалықтағы жылу орталығының 90%-і көнерген. Ғасырға жуықтаған орталықтан жарыған жылу қайдан шықсын?!
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұған дейін мына жылу энергетикасы саласында мемлекеттік реттеу саясат өте әлсіз болды. Себебі электроэнергетика саласының ішінде болды, жылу энергетика соның бір көлеңкесінде қалып қойды да. Енді қазір өз алдына бөлек сала болғаннан кейін бұл жердегі мемлекеттік реттеу, бақылау, қадағалау осы заң арқылы іске асады. Яғни, тариф мәселесіде осы заңмен емес, басқа енді заңдар бар ғой, табиғи монополиялар туралы заң, сонымен реттеледі.
Сонымен қатар заң аясында электрмен жабдықтаушы ұйымдар, яғни делдалдарға тосқауыл қойылады. Өйткені делдалдар тарифтің негізсіз өсуіне себепші болып отыр. Миллиардтап қаржы тапса да, еліміздің энергетика саласына инвестиция салмағандар көп. Сондықтан енді электрмен жабдықтау қызметін іске асыратын кәсіпорындарға арнайы талаптар қойылатын болды.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл бір қиын мәселе екен, себебі жылу энергия беретін орталықтардың артынан тек қана бір емес, бірнеше акционер тұруы мүмкін. Бірінші – дистанциялық мониторинг, екінші – тексеру, үшінші тергеу деген. Осы заңды іске асыру аясында кемшіліктер болып жатса, жетіспеушіліктер болып жатса, онда қайттан жетілдіретін заңдар қабылдаймыз.
Құжат бойынша, өндірістік кәсіпорындарға әуелі елімізде өндірілетін «жасыл энергияны» сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар жылу өндіру және тасымалдау нысандарында энергетикалық қауіпсіздік пен төтенше жағдайлардың алдын алу үшін үнемі өндірістік бақылау жүргізіліп отырады. Ал жылу өндірушілер өз нысанын тоқтатқысы келсе, мемлекеттік органдарға 5 жыл бұрын хабар беруі қажет.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Серік Қоңырбаев.