Оралда экоакция аясында 1000 дана жас көшет егілді
Оралда республикалық «Таза Қазақстан» акциясы кеңінен қолдау табуда, деп хабарлайды 24kz.
10 мыңнан астам тұрғын қала көшелерін тазалап, тал-теректердің түбін әктеді. Сондай-ақ жас көшеттерге күтім жасады. Экологиялық акция аясында облыс орталығында 1000 дана жас көшет егілді.
Оралда өткен экологиялық акцияға күн райы да қарасқандай. Қаланы абаттандыруға шыққандар ашық күнді пайдаланып қызу іске кіріскен. Атқарылар шараның ауқымы да кең. Көп қабатты ғимараттардың қасбетін тазалау, көгалдарды қоқыстан арылтып, қоршауларын сырлау секілді жұмыстар көпшіліктің күшімен атқарылуда. Бүгін саябақтар мен аялдамалар да жаңарып қалғандай.
Равхат Еслямғалиев, компания директорының орынбасары:
- Бізге «Облисполком» және «Зачаганск» пен «Балауса» ықшам аудандарының аумағы бөлініп берілген еді. Қазір осы маңайды ретке келтіргесін жұмысымызды әрі қарай жалғастырамыз. Негізі осындай сенбіліктерді жиі ұйымдастырсақ, қаламыз тазарып, жаңарып қалмай ма?
Акцияға жергілікті спортшылар да үн қосты. Боз кілемде жауырыны жер иіскемеген әлем чемпионы Ерасыл Бақыт бүгінгі сенбілікте де ерекше көзге түсті.
Ерасыл Бақыт, самбодан жастар арасында әлем чемпионы:
- Бүгін парктердегі жалпы, қаламыздағы теректердің түбін қопсытып, көшелерді тастан, қоқыстан тазаладық. Мына өтіп жатқан акцияға күнделікті болып жатқан тренировкамызды қалдырып, қатысуды жөн көрдік. Оған спортшылар ғана емес, қарапайым халық пен студенттердің де қатысқаны жөн деп санаймын.
Белсенділер енді көпқабатты үйлердің аулаларын да ретке келтірмек. Қалалық әкімдіктің мәліметі бойынша облыс орталығында 300-ден астам аула жөндеуді қажет етеді.
Азамат Халелов, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
- Тасқын кезінде көптеген судан қорғану шаралары жүзеге асырылған болатын. Енді сол бөгеттерді алып, қала ішін тазартуды жоспарлап отырмыз. Мұндай сенбіліктер маусым, шілде айларына дейін жалғасады. Сол үшін де тазалық айлығын 3 айға созып отырмыз.
Тазалық акциясына облыс орталығында 10 мыңнан астам адам қатысты. Олар көшелер мен саябақтарды және өзен жағалауын қоқыстан арылтады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Альбина Құмаргалиева, Болат Жарылғасов