ШҚО-да мыңдаған тұрғын тегін заңгерлік көмек алды

Шығыс Қазақстан облысының мыңдаған тұрғыны бір күнде құқықтық көмек пен мемлекеттік қызмет түрін алды, деп хабарлайды 24kz.

«Халық заңгері» әлеуметтік акциясы аясында сала мамандары тегін кеңес беріп, түйткілді мәселелер бойынша өтініштерді қарады. Коммуналдық сала, медициналық қызмет және әлеуметтік төлемдер мәселесі көтерілді. Ресейде тұратын қазақстандық зейнеткерлер адам құқықтары жөніндегі уәкіл арқылы ешқандай бюрократиялық кедергісіз зейнетақыға қол жеткізді. Бұған дейін зейнетақы рәсімдеуде олардан қосымша анықтамалар мен құжаттар талап етілген. Қазір бұның бәрі бір жолға қойылды.

Серік Жеңісов, ШҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы:

- ШҚО-ның үздік адвокаттары мен үздік заңгерлері келіп, қала тұрғындарына тегін консультация беріп отыр. Өйткені сіздер білесіздер, жай күні барғанда ол кісілерге ақша төлеу керек. Мұндағы негізгі мақсат осы. Бұл жыл сайын өтетін акция. Биылғы ерекшелігі – қала мен аудандарда өткізетін болдық.