«Күміс жас»: Қарағанды облысында 900-ге жуық адам жұмысқа орналасты

Қарағанды облысында зейнет жасына таяп қалған жандарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Биыл «Күміс жас» жобасы аясында бір мыңдай адам жұмысқа орналасты. Алдағы уақытта Балқаш қаласында жасы 50-ден асқан 100-ге жуық адамды жұмыспен қамту жоспарда бар.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- «Күміс жас» жобасының шарапатын көргендердің бірі – Ульяна Гулина. Ол біраз уақыт жұмыссыз жүрген. Әлеуметтік жоба туралы естігенде мансап орталығына барған. Үміті алдамады. Қаладағы жылыжайлардың біріне жұмысқа орналасты.

Ульяна Гулина, Балқаш қаласының тұрғыны:

- «Күміс жас» жобасы біз сияқты зейнет жасына жақындап қалғандар үшін жақсы жоба. Орталық мамандары қай жерде бос жұмыс орны бар екені жөнінде ақпарат берді. Табысым жақсы. Енді осы жерден зейнеткерлікке кетсем деп армандаймын.

Тамшылатып суғару технологиясымен жұмыс істейтін жылыжайда айтарлықтай ауыр қол еңбегі жоқ. Мұнда негізінен қызанақ пен қияр өсіріледі.

Нариман Сәрсенбаев, Жылыжай басшысы:

- Мансап орталығына жұмыскер қажет деп хабарлама бергенмін. Дереу тауып берді. Қазір 4 адамды еңбекпен қамтып отырмын. Ульяна екі айдан бері тыңғылықты жұмыс істеп жатыр. Өте еңбекқор. Айлығы мемлекет тарапынан субсидияланады. Біз сияқты даму жолындағы кәсіпкерлерге бұл зор қолдау.

«Күміс жас» жобасы бойынша қойылатын талаптар бар. Ең бастысы – жобаға қатысушы 50 жастан асқан болуы керек. Қарым-қабілеті де ескеріледі. Былтыр Балқаш қаласы бойынша 50-ден астам зейнет жасына жақындағандар жолдамамен жұмысқа тұрған. Биыл бұл жобаға 2 миллионға жуық теңге бөлінген.

Гүлсім Қалпебаева, Балқаш қаласы мансап орталығының маманы:

- «Күміс жас» бағдарламасы 3 жылға субсидияланады . Бірінші жыл 70%-ке, екінші жыл 65%-ке, үшінші жыл 60%-ке субсидия жүреді. Максималды субсидия мөлшері 110760 теңгені құрайды. Жұмыссыз азаматтарға әртүрлі сала, оның ішінде сатушы, сатушы көмекшісі, өсімдіктер күтімі бойынша маманы, орта жаста болған соң күзетшілерге сұраныс көп.

Былтыр Қарағанды облысы бойынша «Күміс жас» жолдамасымен 1 мыңнан астам адам жұмысқа тұрған. Ал биыл бес айдың ішінде 900-ге жуық адам еңбекпен қамтылды.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Зарина Зұлпыхар