Утильалымға қатысты азаматтардың талап-арыздары ескерілетін болады

Елдегі утильалымға қатысты азаматтардың талап-арыздары ескеріледі, деп хабарлайды 24kz.

Осы мақсатта қазір салаға жауапты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып жатыр. Комиссия автокөліктерге салынатын алымға қатысты талдау жасап, соның нәтижесіне байланысты шешім қабылдайды. Сарапшылар бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды деп отыр. Себебі, кәдеге жарату алымынсыз отандық автоөндірістің даму қарқыны бәсеңдей түсуі мүмкін.

Қуандық Танабас, тілші:

- Бұған дейін көпке таңсық болған «утиль» сөзіне бүгінде құлақ етіміз үйренген. Дамыған елдерде әлдеқашан заңмен бекіген жүйе Қазақстанға 2016 жылы келді. Содан бері қоғамда ауық-ауық талқыланып, халық арасында сан алуан пікірлер тудырғаны жасырын емес. Мәселен, көліктің қымбаттауын отандастарымыз ең алдымен кәдеге жарату алымының айтарлықтай жоғары болуымен байланыстырады.

Айталық, шетелден көлік импорттағысы келген тұлға көлік қозғалтқышының көлеміне қарай мынадай ақы төлеуі тиіс. Яғни, қозғалтқышы бір мың куб см-ден үш мың куб сантиметрге дейінгі көліктерге 276 мыңнан 923 мыңға дейін жарна төлейді. Ал 3000-нан 3500-ге дейін және одан да жоғары қозғалтқышты көліктерге 2 миллион теңгеге дейін утиль алымы салынады. Сала мамандары бұл жүйенің арқасында отандық автокөлік өнеркәсібі өркендеп, ел экономикасына оң әсері болғанын айтады.

Төре Абдрахманов, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің бас маманы:

- 2016 жылы Қазақстан ДСҰ-на кіргеннен кейін және жаңа көліктерге кедендік баж 30-дан 15%-ке төмендегеннен кейін енгізілген. Қазақстанда утильалымы келесі функцияларды іске асырады: ол істен шыққан көліктерді утилизациялау, экологиялық жобаларды іске асыру және отандық өндірушілерді қолдау мақсатында.

Еліміздегі жол-көлік апаттарына көбіне-көп көліктердің техникалық жарамсыздығы себеп. Утиль алымы енгізілген соң Қазақстанда 10 жылдан асқан көліктердің саны азайды. Жолда 3 жылдан аз жүрген көліктердің үлесі артты. Нәтижесінде жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер саны да кеміді.

Мәселен, жол апаттарынан 2022 жылы 15 мың адам зардап шексе, 2023 жылы олардың саны 13 мың адамға дейін азайды. Мамандар отандық көлік паркінің жаңаруына да утиль алымның әсері бар деп отыр.

Төре Абдрахманов, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің бас маманы:

- Көлік құралдарының өндірісі шамамен 148 мың бірлікті құрады. Бұл сандар 2022 жылмен салыстырғанда 20%-ке артық. Бұл ретте Қазақстан нарығында жаңа автокөліктердің сатылымы 190 мың бірлікті құраған. Өсім алдыңғы жылмен салыстырғанда 45%-ке артық. Жаңа автокөліктерді сатуда отандық өндірісі 70%-тен асты.

Сарапшылар утильалым бюджеттің бүйірін де толтырады дейді. Бұл да экономиканы ынталандыру тетіктерінің бірі.

Ләззат Жанмоллаева, экономист:

- Кәдеге жарату алымына қатысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылады. Оның құрамында Парламент депутаттары, қоғам белсенділері, экономистер болады. Олар аймақтарға барып, қоғамдық тыңдаулар өткізеді. Өндіріс ошақтарына барады. Комиссия жұмысының қорытындысы 5 шілдеге дейін шығады деп жоспарланған.

Авторлары: Қуандық Танабас, Ғалымжан Абдылахат