Су тасқыны: Ақтөбе облысында 487 үй салынып жатыр
Ақтөбе облысының алты ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін 487 үй салынып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Алдағы уақытта тағы жүзден астам үйдің құрылысы басталады. Құрылыс екі айда аяқталып, баспана пайдалануға берілуі тиіс. Ірі компаниялар мен қорлардың қаржы есебінен қазірдің өзінде 111 адамға дайын үй сатып алынды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Сырым Бекенбаев су тасқынынан кейін үйін жөндеп жатыр. Екпінмен келген қарғын су есік-терезені қиратып кетті. Үйдің ішін бір айдан бері кептіріп, енді жөндеуге кірісті. Қыруар ақшаға алынған тұрмыстық техника жарамсыз болып қалды. Шығынға батқан Сырым мемлекеттен берілген өтемақыға түгел құрылыс материалын алған.
Сырым Бекенбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Өтемақы алдым. енді кеткен дүниені енді берді акиматтан. Бүкіл дүниямды әйтеуір, Құдайға шүкір жәймен-жәймен деп ауыстырып жатырмын. Күндіз жұмыстамыз, кешкісін келіншегіміз екеуміз 23.00-00.00-ге дейін осы жерде. Енді кішкентайым қарындасымда, қалғандары анамда. Әлі енді үй бітпей келмейді ғой.
Ал, Сағынтай Тұрмағамбетовтің отбасы бір апта бұрын жаңа үйге көшті. Арнайы комиссияның қортындысы бойынша әкімдік баспана сатып алып берді. Өзінің Жағабұлақ ауылындағы үйі суға кеткен еді. 5 бөлмелі баспана көп балалы жанұяға ыңғайлы. Әрі ауласы да үлкен.
Сағынтай Тұрмағамбетов, Жағабұлақ ауылының тұрғыны:
- Әкімшілік бір екі бөлме тауып берді. Әзірге сол жерде болдық күні бүгінге дейін. Сосын мына үйді босатып берді. Міне, осы үйде тұрып жатырмыз. Ешкімге арызым да жоқ. Рахметтен басқа ештеңе айтпаймын .
Көктемгі тасқын салдарынан өңірде 4 мыңнан астам баспананы су алған. Оның басым бөлігі саяжай үйлері. Енді олардың иелерін үймен қамту үшін ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Негізінен жаңасын салу немесе басқасын сатып алып беру секілді бірнеше бағыт ұсынылуда.
Аслан Жарасбаев, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Қала бойынша біз тұрғын үйді сатып алып жатқан жоқпыз. Дайын пәтерлерді сатып алып беріп жатырмыз және де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, қалған аудандар бойынша Ырғыздан басқасында қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 641 тұрғын үй құрылысын салу қажетпіз. Қазіргі таңда 487-нің құрылысы жүріп жатыр. 316 пәтер сатып алу керекпіз, соның 111 сатып алдық.
Бұдан бөлек, тасқыннан зардап шеккендер бір жолғы өтемақы да алды.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков