Жезқазғанда Қажымұрат Нағымановқа ескерткіш тақта қойылды
Жезқазғанда мемлекет және қоғам қайраткері Қажымұрат Нағымановқа ескерткіш тақта қойылды, деп хабарлайды 24kz.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірнеше облысты басқарып, іскерлігімен танылған ол сол кезде Жезқазған облысының әкімі де болды. Тоқырау кезінде тұралап қалған шаруашылықтарды қатарға қайта қосып, өңір экономикасын өркендетуге елеулі үлес қосты. Ескерткіш тақта Қажымұрат Нағыманов қызмет еткен облыс әкімдігінің ғимараты қабырғасына орнатылды.
1993 жылы Жезқазған мен Сәтбаев қалалары жылусыз қалған. Араға жыл салып Қажымұрат Нағыманов әкім боп келіп, қаусаған құбырлар мен қираған жолдарды қысқа мерзімде қалпына келтірді. Өндіріс ошақтарымен берік байланыс орнап, айналасы екі жылдың ішінде күрмеуі қиын мәселелер шешімін тапты.
Алмаз Ыдырысов, облыс әкімінің м. а.:
- Аз уақыттың ішінде өзінің білімімен, қайратты мінезімен, тапқырлығымен және батыл іс-әрекеттерімен елдің есінде сақталған кісі. Мемориалдық тақтаның ашылуы ол Ұлытау облысының халқы тарапынан осы кісіге деген құрмет белгісі деп санаймын. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына облыс ардагерлері, қоғам өкілдері және Қажымұрат Нағымановтың әріптестері, отбасы мүшелері қатысты. Үзеңгілес достары іскер азаматтың жарқын бейнесін еске алды.
Бөрібай Жексембин, мемлекет қайраткері:
- Ол уақыттың қиындығы сол, облыстың басшылығына халықтың алдына шығудың өзі қиын болатын. Бәрі жоқшылық. Бірақ соған қарамастан Қажекең барлық істің көзін таба білді. Және сол істі жасап, атқарып, нәтижесіне жете білді.
Алма Нағыманова, Қ.Нағымановтың қарындасы:
- Ағамызға сондай мемориалдық тақта ашқанына алғыс айтамын. Енді ол кісінің еңбегі сіңді ғой. Ол кісі жоқ. 2 жыл. 2 жылда осылай болады деп ойлаған жоқпыз. Жезқазған халқына көп рахмет.
Қажымұрат Нағымановтың кезінде ауыл шаруашылығы саласы жекешелендірілді. Мал-мүліктен шашау шығармай ауылдағы ағайынға табысына қарай тең бөліп берді. Жезқазғанда жиған тәжірибесін Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында басшылық қызметте болғанда сәтті жалғастыра білді. ҚР Көлік және коммуникация министрі болды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Гүлшаһира Серекбаева