Су тасқыны: Ақтөбе облысында 471 үйдің құрылысы басталды. LIVE
Ақтөбе облысында су тасқынына қатысты жағдай тұрақталды.
Торғай өзенінің тасуы салдарынан Құйылыс және Жайсаңбай ауылдарына қауіп төнген еді. Қазір су деңгейі түсіп, тұрғындар үйлеріне оралып жатыр.
Өңірде тасқыннан зардап шеккендерге арнап қазір 471 үйдің құрылысы басталды. Бұл іспен 40-тан астам мердігер айналысып жатыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Иә, ТЖД мамандары мәлімдегендей, тасқынға қатысты жағдай тұрақталды. Қазір оның зардабын жою жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге облыс бойынша 4 мыңнан астам үйді су алғаны анықталған. Өңір билігіндегілер тасқыннан зардап шеккендердің ешқайсысы көмексіз қалмайтынын айтып отыр. Мәселен, қала аумағында су басқан әрбір саяжай үйіне келген шығын анықталып, иелеріне өтемақы беріліп жатыр. Ал тұруға жарамсыз деп танылған үй иелеріне дайын баспана сатып алып беріліп жатыр. Бұдан бөлек, су тасқыны орасан шығын әкелген 6 ауданда бүгінде құрылыс жұмыстары қыза түсті. Қазірдің өзінде 500-ге тарта үйдің іргетасы құйылып, қабырғасы қаланып жатыр. Жұмысқа мердігер компаниялардан өзге «Жасыл ел» жастардың еңбек жасақтары да тартылған.
Айта кетейік, қазір Ырғыз ауданында да тасқынның беті қайта бастаған. Нәтижесінде Торғай өзенінің тасуынан 2 айға жуық уақыт бойы қауіп төнген Құйылыс және Жайсаңбай ауылдарындағы ахуал қалыпқа келе бастады. Осы уақытқа дейін аудан орталығындағы эвакуациялық пунктерде болған тұрғындар үйлеріне оралып жатыр. Дегенмен Жайсаңбайға әлі жол жоқ. Қажетті азық-түлік және өзге де заттар тек қайықпен ғана тасымалданып жатыр. Көмекке келген әскерилер мен төтенше жағдай қызметінің өкілдері әлі де сонда. Ал Ырғыздың өзінде үйлерін су басқан Нұра, Белшер, Мамыр секілді ауылдардың тұрғындары үшін жаңа үйлер салу басталды. Тасқыннан келген нақты шығын көлемі кейін анықталатын болады. Облыстың кейбір аудандарында әлі де комиссия өз жұмысын жалғастырып жатыр.