72 жастағы әже трактор тізгіндейді
Қарағанды облысында ауыл шаруашылығына үлес қосып жүрген қыз-келіншек көп, деп хабарлайды 24KZ.
Талды селосының 72 жастағы тұрғыны, Рымтай Әбенқызы трактор тізгіндейді. Ол республикалық "Таза Қазақстан" акциясына да белсенді түрде атсалысып жүр. Көлігімен ауыл ішінде жиналған қоқысты шығаруға көмектеседі.
Бұл көк тракторға көпшіліктің көзі үйренген. Оны тізгіндеген 72 жастағы Рымтай Әбенқызы күн сайын ауыл ішіндегі қоқысты шығаруға атсалысып келеді. Қазір ол – ел аумағында қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының белсенді мүшесі. Тазалықты жанына серік еткен әжей еріктілермен бірге қыс бойы ауыл ішінде жиналған қоқысты тегін тасымалдап жүр.
Болат Қазыкенов, Талды ауылының тұрғыны:
- Шаруаның бәрін өзі істейді, еркек адам болмағаннан кейін. Балаларының бәрі кішкентай. Балғаны қалай ұстау, шегені қалай қағу, діңгекті қалай орнату, оны сыммен байлау бәрін немерелеріне үйретіп отыр. Шақырғанда техникасымен келеді. Көмегін аямайды.
Жарты ғасырдан астам уақыт ауыр техниканы ұршықша иірген әжей трактордың тынысын тамыршыдай тап басады. Қандай да бір ақау шықса, өзі жөндеп ала береді. Қазір тәжірибелі механизатор зейнет жасында. Соған қарамастан жеке көлігімен көпшіліктің бұйымтайынан бас тартқан емес.
Рымтай Әбенқызы, Талды ауылының тұрғыны:
- Егер әкім «осындай көмек керек, трактормен шықсаңыз қайтеді?» десе, менің қарсылығым жоқ, көмектесемін. Қандай жұмыс болсын, мен арланбаймын. Сиырды да сауамын. Сүтімді де тартамын. Ісімді де тігемін. Өз шаруамды өзім дөңгелетіп отырмын. Менде өйткені ер азамат жоқ. Бір күн отырып қалсам, тұра алмай қаламын.
Егер өміріңді өзгерткің келсе, өзіңнен баста. Бұл – қартайса да, қарекетсіз отырмайтын қарияның өмірлік қағидасы. Рымтай Әбенқызы – ауылда жыл сайын өтетін «Таза аула» байқауының жеңімпазы. Ол осы ісімен көпке үлгі. Тазалықты жанындай сүйетін Рымтай әжей биылғы акцияға да көк тракторымен көмектесіп жүр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Марина Золотарёва, Зарина Зулпыхар.