Алматыдағы метрода FacePay қызметі іске қосылды

Алматыдағы «Сайран» метро станциясында смартфон, төлем картасын немесе жетонды қолданбай, бет-әлпет биометриясы арқылы жол жүру ақысын төлеуге мүмкіндік беретін Face Pay қызметі таныстырылды.

Инновациялық қызмет жолаушылардың уақытын үнемдеп, ыңғайлы төлем жасауға жол ашады.

Face Pay технологиясы – мегаполисті цифрландыру бағдарламасының бір бағыты. Қоғамдық көліктегі төлем технологияларын дамыту ең бірінші кезекте жолаушылардың жайлылығы үшін жасалған. Қызметті қолдану үшін турникет алдында тұрып, орнатылған камераға қарау керек. Бейне анықталған соң қақпалар ашылып, жолақы банк картасынан автоматты түрде алынады. 

Жұмабек Мамытов, Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл қызметті қолдану банк қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Картаны тіркеу тез әрі оңай жасалады. Тіркелген соң қызмет автоматты түрде қолжетімді болады. Әдеттегі төлем құралдарына қажеттілік жоқ,  метродағы жол ақыңызды бейнекамерадағы бейнеңіз арқылы төлей аласыз. 

Алматы метросы – қаланың негізгі қозғалыс артерияларының бірі. Метромен күн сайын 100 мың адам түрлі бағытта қатынайды. Енді «Қалқаман» станциясының құрылысы аяқталса, жолаушылардың саны бұдан да артады. Қазір жолаушыларға 15 электр пойызы қызмет етеді. Олардың қозғалыс интервалы 5 минут. 

Бауыржан Құмарғазин, Алматы қ. мобильділік басқармасы басшысының орынбасары:

- Статистика метродағы жолаушылар санының жыл сайын артып келе жатқанын көрсеттті. Биылдың өзінде күніне 100 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетілді. Бұған былтыр жаңа станциялардың пайдалануға берілуі де әсер етті деп ойлаймын. 

Face Pay қызметі қазір барлық метро бекеттерінде қолжетімді. Бір айта кетерлігі, жаңа қызметті қолданған жолаушыларға төлеген жолақысы бонус ретінде қайта оралады, яғни, жолаушылар екі ай бойы метрода тегін жүре алады.

Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев