Қостанай облысында мал шығыны өтеліп жатыр
Су тасқыны кезінде Арқалыққа қарасты Екідін, Қызыл жұлдыз ауылдарында мал шығыны көп болды.
Ұсақ малды санамағанда шамамамен мыңнан астам сиыр мен жылқы қырылып қалған. Қазір мал иесіне өтемақы беріліп жатыр. Малынан айырылған жандардың тұрмыс-тірлігі қалай болмақ?
Құрманғазы Нұрғабылов Екідін ауылында шаруа қожалығына иелік етеді. Су тасығанға дейін жүзден астам ірі қарасы болған. Жартысынан астамы суға батып кетті. Үй-жайы, қора-қопсысы да қирап қалды. Арқалықтан дайын пәтер ұсынғанда бас тартқан. Ауылда қалып, ата кәсіпті жалғастырам деп отыр.
Құрманғазы Нұрғабылов, Екідін ауылының тұрғыны:
- Малдың шығынын өтеп жатыр. Оның сыртында тұрғылықты жерден шаруашылық басынан үй салып беретін болып келісілді. Оның сыртында мал қораның өтемақысын береді. Оның сыртында үй ішіндегі мүліктің ақшасын да төлейміз деді.
Ал Екідін тұрғыны Шәбден Қыдырбекұлының қорасында тасқыннан кейін тігерге тұяқ қалмаған. Жүз бас ірі қарасы, екі жүзге тарта қой-ешкісі қырылған. Қазір шығын орынын бірте-бірте қалпына келтіріп жатыр.
Шәбдан Қыдырбекұлы, Екідін ауылының тұрғыны:
- Тасты совхозынан он бұзаулы сиыр алдық. Сосын үш бойдағы бар. Жаңағы Қостанайдан 14 бас алдық. 12 қашар, 2 бұқа. Мал басын шүкір келтіреміз ғой. Үкіметтің берген көмектеріне қайтіп мал алып жатырмыз алған ақшаға.
Қызыл жұлдыз ауылында отыз үйдің қорасынан 430-дан астам аша тұяқтың өлексесі табылды. Көбісі ұсақ мал. Бірінші кезекте сол өлексесі табылған малдың өтемақысы беріліп жатыр. Ал «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» базасында тіркелмегендер жеке қаралады.
Берік Ғабдуллин, Қайыңды ауылдық округінің әкімі:
- Әртүрлі жағдай болып жатыр,кейбір кісілер бар, жаңағы есепте болмаған мал, оның өлексесі де жоқ дейді, бірақ өтемақы сұрап тұр. Бірақ ондай кезде, біз айтамыз, бұл жерде енді учаскелік инспектормен ветеринарлық фельдшер бар, енді кімнің қанша малы бар екендігін ауыл болғаннан кейін бір-бірін біледі ғой. Базада есепте болмаса, өлексесі болмаса онда біз оны растай алмаймыз деп.
Өтемақы мөлшері көптің көңілінен шығып отыр. Қой басына 60 мың тенге, ешкі одан да қымбат. Сиырға 400 мың, жылқыға 700 мың тенге шамасында төленеді. Әрине малдың жасына қарай төлем мөлшері де әртүрлі. Бірақ нарықтық бағаға сай. Кейбіреулер осы өтемақыны кешіктіріп жатқанына алаңда.
Абзал Тәшімов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:
- Бұл неге ұзақ жүріп жатыр, өзіңіз білесіз мынау өлексесі жоқ деген, сумен ағып кетті дегендерді тексеру қажет болды. Оған учаскелік инспектор, ауылдың ветврачы, әкімі барлығы барып, өрістегі малдардың бәрін санап, жоғын анықтап, соған уақыт кетті. Соған анықтап алып, көзіміз жеткеннен кейін бердік.
Осы күнге дейін Арқалық қаласы бойынша 730 бас ірі қараға, 164 жылқы, 116 ұсақ малға өтемақы төленген. Ақшаға шаққанда барлығы 115 миллион тенгеге шықты.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров