Шаған өзеніне шомылу қауіпті болуы мүмкін
Орал қаласындағы Шаған өзеніне шомылу адам денсаулығына қауіпті болуы мүмкін.
Өйткені жағадағы күл-қоқыстан аяқ алып жүру қиын. Табиғат жанашырлары осылай деп дабыл қағады. Қоғам белсенділері мен құзырлы органдардың өкілдері бүгін қарттар үйінің маңында болып, жағалаудағы жағдайдағы көріп қайтты. Осы жердегі 5-6 үйден шыққан тұрмыстық қатты қалдықтар көзден таса жерге үйіле берген. Моншаның сарқынды сулары да дарияға құйылатын көрінеді. Өз кезегінде тұрғындар жақын жерде қоқыс контейнерлері жоқ екенін айтып ақталады.
Майя Сатыбалова, қала тұрғыны:
- Кезінде осы өзеннің суын іше беретінбіз, тап-таза еді. Қазір экологиялық апат боп жатыр. Кеше моншадан шығатын кәріз тұрбалары өзенге құйып жатты. Бүгін жинап алыпты. Енді мына жағалауды осылай қалдыруға болмайды. Осы проблеманы үнемі көтеріп келеміз.
Артур Құдысов, БҚО Полиция департаментінің аға инспекторы:
- Өздеріңіз көріп тұрғандай, Шаған өзені бойында көптеген қоқыс қалдырылған. Оны біз әкімдікке, ТКШ бөліміне ескертіп, егер кінәлі адамдар болса, оны анықтап, тиісті шара қолданамыз. Мақсаты – осы жердің бәрін жинап, акция барысында тазарту акция.