Әкелер күні қарсаңында тілшіміз үшем тәрбиелеп отырған шаңырақта болып қайтты
Сұңқар, Сүгір, Сырғалым! 2,5 жастағы үшемнің әкесі астаналық Қарақат Солдатхан – бақытты әке. Жары Құндыз Оралжанға қолғабыс етіп қана қоймайды, үш баланың тамағына да, тәрбиесіне де көбіне өзі жүгіреді, деп хабарлайды 24kz.
Осы жексенбі елде Әкелер күні. Осыған орай тілшіміз Зарина Кәп шаңырағын үшемнің шаттық үні кернеген отбасында болып қайтқан еді.
Осыдан үш жыл бұрын ғана отау құрған жас отбасы үш баланы мәпелеп өсіріп отыр. Ауызға үріп салғандай балапандардың қылығы балдай болғанмен, үшемді бағып-қағуға бір адамның шамасы жетпейді. «Балаларымыз дүниеге келгенде әкелерінің көмегі көп болды. Жұмыста жүрсе де, балаларға өзі қарайтын», - дейді Құндыз Оралжан.
Құндыз Оралжан, отанасы:
- Үш бала, үш баланың білесіз, жөргегінің өзі қазіргі уақытта қаншалықты тұрады. Сол үшін әкесі жұмыстан толықтай кете алмады. Жартылай ғана келіп, түнімен ұйықтамай маған көмектесетін. Бізді шынымен де ұйықтамайтын түндеріміз болатын. Бір баланың сүтін берсең, екіншісі күтіп тұрады. Оны жатқыза берсем үшіншісі күтіп тұрады. Сөйтіп бір ұйқысыз жүрген түндер болды.
Отағасы Қарақат баланың күтімінен бөлек, тәрбиесіне де өзі жауапты. Үшемнің ас мәзірінде тек ұлттық тағамдар. Тілдерінің таза қазақша шығуына да мән берген. «Телефонды көп ұстатпаймыз», дейді.
Қарақат Солдатхан, отағасы:
- Біз өзіміз қазақша тәрбие көргеннен кейін қазақша сөйлесіп, балалармен кішкентай күнінен бастап қазақша сөйлесіп, сұрақ қойып, қазақшалап бір жағдайларды түсіндіріп, солай балаларымыздың тілі ерте қазақша шықты. Тілдерінің ерте шығуына қазақтың ұлттық тағамдары себеп, яғни, құртты ерте бердік, тістері жақсы болуы үшін, сорпа, етті жақсы көреді.
Отағасы аптаның 5 күнінде жұмыста болғанмен, қолы қалт етсе балаларына асығады. Ал сенбі-жексенбіде тек өзі бағып-қағады. Өйткені жары бұл күндері жұмыста. Балалардың спортпен айналысу, кітап оқу және ойынға бөлген өз уақыттары бар. Бұл үшін арнайы кесте құрып қойған.
Қарақат Солдатхан, отағасы:
- Біз қазір «Ақылды бала» деген кітапты толық жаттап бітірдік. Оның ішінен кез келген жерінен сұрасаңыз. Ол енді өзі арнайы қызық кітапша, жеміс-жидектерге тағы неше түрлі қызықты баланың дамуына көмегі тиетін кітап.
Үшем іште жатқанда дәрігерлер біреуі кемтар болып тууы мүмкін деп айтқан екен. Бірақ жас отбасы бұған мойыған жоқ. Ақырында үшеуі де аяқ-қолы балғадай, аман-есен дүниеге келген. Қазір үшемнің ата-анасы тағы бір шілдехана күтіп отыр. Өздері 30 жасқа дейін көпбалалы ата-ана атансақ дейді.
Авторлары: Зарина Кәп, Қали Несипбаев