Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендер баспаналы болды
Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендер баспаналы болды.
Пәтерлер облыс орталығындағы жаңа шағын аудандардан сатып алынды. Үй алуға демеуші компания қаржы бөлді.
Жарқын Қалаубаева қуанышын жасырмады. Екі ай бойы эвакуациялық орталықты паналаған ол баспаналы болды. Комиссия бұрынғы үйін апатты деп танып, жаңа пәтер беруді шешкен.
Жарқын Қалаубаева, қала тұрғыны:
- Менің үйім мен судың ортасы он-ақ метр болып тұр. Үй құлап, жарылып-жарылып құлауға келіп тұр аварийның жағдайда. Мен ойлаған жоқпын маған үй береді деп. Сол жыртығыңды бітеп ал дейтін шығар деп едім. Мынаны айтқанда ол жерде де жылап алдым. Әлі көз жасымды тия алмай жүрмін. Рахмет көп көп. Жандарым сол, бәріңе рахмет.
Бүгін 31 отбасы қоныс тойын тойлайды. Барлығы да тасқын салдарынан жалғыз баспанасынан айырылған қала тұрғындары. Бұған дейін «Ақтөбе қамқор» қайырымдылық қорының есебінен аудандарда 35 пәтер сатып алынды. Үйіне күрделі жөндеу жасаймын деген 74 адамға материалдық көмек көрсетілді.
Жанна Омарова, "Ақтөбе Қамқор" қорының мүшесі:
- Бірінші талабы үй сатып алған кезде үй жаңа болуы керек. Тұрғын ремонтқа шығын шығармауы керек. Қазір 31 жаңа үй. Ремонтталған. Тұрғындар кілттерін алғаннан кейін кіріп тұра алады. 1-2 бөлмелі пәтерлер. Соның ішінде 2-3 бөлмелі үйлер де бар.
Баспана кілтін Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев табыс етті. Вице-премьер тасқын су салдарын жоюға бағытталған жұмыстарды қадағалауға мақсатында өңірге арнайы келген. Ел Президенті тапсырмасымен төтенше жағдай орын алған аудандарында болып, құрылыс қарқынымен танысты. Қобда ауданында үйлер тамыз айында тапсырылуы тиіс.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Ал Ойылда бұл жұмысты дұрыстап қолға алу керек. Біріншіден материалдарды көбірек алып келу керек. Авансты көбірек беру керек компанияларға, жұмысшылардың санын екі есе өсіру керек. Темпті азайтпай тамыз айында бітіру керекпіз.
Ақтөбе облысында 4691 үйді су басқан еді. Оның 992-і апатты деп танылып, орнына 475 баспана сатып алынса, 517 үй жаңадан тұрғызылады. 3 мыңнан астам баспана күзге дейін жөнделуі тиіс.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев