Елордалықтарға электрлі самокатты пайдалану ережелері түсіндірілді
Елордада «Жолда қабылдау» акциясы аясында тұрғындарға электрлі самокатты жүргізу ережелері түсіндірілді, деп хабарлайды 24kz.
Қазір микромобильді көліктің қозғалысына қатысты талаптар қатаңдатылса да, оқыс оқиғалар азаймай отыр. Елде соңғы 5 ай ішінде самокаттың қатысуымен 64 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, екі адам қаза тапты. Ал 58 адам түрлі дене жарақатын алған. Ішкі істер министрлігі мұндай жағдайлардың үдеуіне жастардың осы көлікті тізгіндеу нұсқаулығын ескермеуі себеп дейді.
Шара аясында электрлі самокат жүргізушілері жасаған заң бұзушылықтар анықталып, рейд ұйымдастырылды. Алдын алу шараларына патрульдік полиция қызметкерлері, самокатты жалға беруші компания мен жастар қатысты.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:
- Көзбен көріп, қолмен ұстау үшін осы акцияны ұйымдастырдық. Электросамокаттардың жиынтығы бар, оны кез келген адам қолданып, қалай қолдану керектігі жөнінде арендаға беретін мекемелердің қызметкерлері немесе біздің қызметкерлер емін-еркін сіздерге түсіндіріп береді. Оның арғы жағында мотомектепті шақырттық. Олар мопедтерді басқару кезіндегі ережелердің ерекшелігін үйретеді.
Науқан шеңберінде қатысушылар үшін теориялық оқыту курстары, шеберлік сағаттары мен тест-драйв өткізілді. Жалпы самокат тізгіндеген адам қай жолмен жүрсе де, сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруі қажет. Жолаушы және жүк тасымалдауға, бір жолақтан көп жерде солға бұрылуға тыйым салынатыны айтылды.
Ақерке Ескендірова, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:
- Қазір кептелістің уақыты. Жазғы мезгіл. Көптеген адам электросамокаттарды қолданады. Сондықтан оларға қауіпсіздік шараларын түсіндіру өте маңызды. Бұл жерде бірнеше зона көрсетілген. Ол жерде уәкілетті органдар отырып, келген адамдардың сұрақтарына жауап береді.
Республика көлемінде жол-көлік оқиғасы бойынша Алматы қаласы көш басында. Мегаполисте соңғы 5 ай ішінде 41 жағдай тіркелген. Одан кейінгі орында Астана және Ақтөбе облысы. «Көлік жүргізу мәдениеті мен қауіпсіздігін арттыруды көздейтін мұндай шара алдағы уақытта да жалғасын табады», - дейді ұйыдастырушылар.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Ержан Рахманбердиев