Құрбан шалудың өзіндік тәртібі бар

Бүгін құрбан айттың алғашқы күні.

Иісі мұсылман қауымы үшін ең ұлық мереке саналатын бұл күндері сараңдық сыналып, жомарттық бағаланады. Адамның ішкі пейілі мен адалдығы таразыға түседі. Елде құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн өтеді.

Құрбан айт - исламдадағы қасиетті екі мейрамның бірі. Ол ораза айттан 70 күн өткен соң атап өтіледі. Негізгі мағынасы жасаған сауапты істер арқылы жүректі тазартып, жақсылыққа жақындай түсу. Құрбан шалу уақыты мерекенің бірінші күні айт намазынан соң басталып, үшінші күні ақшамға дейін жалғасады. Оны шалудың да өзіндік тәртібі бар.  

Сансызбай Шоқанов, ҚМДБ төраға орынбасары:

- Құрбан айт намазын оқығаннан кейін барып, біз құрбандыққа кірісуіміз керек. Ол малымыз ақсақ-тоқсақ, соқыр болмау керек. Ол әдеп, тәртіп малды қинамай. Мысалы, қазақ халқы ол малды жақсы түсінген халықпыз. Оның көз алдында пышақты өткірлемей, оны жақсылап тұрып өңеші, кеңірдегі, күре тамырларын бәрін жақсы кесіліп, содан кейін бауыздалады құрбандық. 

Құрбандыққа шалынатын қой 1, ірі қара 2, түйе 4 жастан асуы тиіс. Алайда марқа қозының пошымы қоймен бірдей болса шариғатта рұқсат берілген. Құрбандыққа түйе мен ірі қараны 7 адамға дейін бірігіп шала алады. Ал, қой мен ешкі тек бір кісінің атынан бауыздалады. Әрине, тұрғындардың көрпесіне қарай көсілетіні белгілі.

Жанна Тәжбеновна, қала тұрғыны:

- Бағасы әртүрлі ғой енді. Енді Құрбан айтқа қанша десе де аламыз ғой. Бұйырғаны да. Алланың енді жақсы күні сондықтан Аллаға тілеу тілеп, тілеуімізді берсін деп жатырмыз. Барлықтарыңның тілеулерің болсын. Айттарың құтты болсын. 

Иә қазір елордадағы мал базарында халықтың қарасы қалың. Құрбандыққа шалынатын төрт түлік те жеткілікті. Баға да тұрақты. Мал сатушылар халықтың жағдайына қарап бағаны түсіреміз дейді. 

Бекзат Ақымбай, кәсіпкер:

- Сол баяғы халықтың жағдайына қараймызғой сөздің шыны керек. Мал сату керек екен деп бұны тақап, қымбат сата бермейміз. Былтырғадай сол бағасы. 55-60 тоқтылар болады. Қойлар 75-80 болып жатыр. Баға қазіргіде төмен.

Иә қолы жеткен тұрғынның базарға келіп ұнаған малын таңдап алуға мүмкіндігі бар. Алайда үйде отырып та құрбан шалуға болады. Ол үшін ҚМДБ орнатқан арнайы қосымша бар. Бұл тәсілмен сауап алам деушілер сайттан мал таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аудара алады. Тапсырысыңыз сәтті орындалса ұялы телефоныңызға смс хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң, оның бейне есебі тұтынушы көрсеткен нөмірге жіберіледі. Сондай-ақ мұқтаж жандарда шалынған малдың етін алуға өтініш қалдыра алады.    

Тимур Серікханұлы, ҚМДБ цифрлық даму бөлімінің басшысы:

- Мұқтаждар етін алу үшін өтініш бере алады. Яғни ол жерде біздің арнайы формамыз бар ЖСН номер аты-жөні жаңағыдай өзінің жағдайы деген сияқты қосымша құжаттарын тіркеу керек. Қандай мәселе болып тұр, қосымша пікір білдіру керек. Соның барлығын қарап бізде базаға тіркеледі. 

Иә күнделікті өмірде ішіп-жемі жеткілікті, қаржылай тәуелсіз адамға құрбандық шалу сүннет. Бұл барша мұсылманға уәжіп саналатын мерекенің бірі. Құрбан шалған ағайынның құрбандығы сауаптан болғай...

Әлішер Әли, Өрден Жарқын