Алматыда «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны басталды
Алматыда «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды, деп хабарлайды 24kz.
Биыл 10-шы рет ұйымдастырылған шара Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналды. Көпшілік батырдың ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті. Ал жиынның өзі дәстүрге сай «Айбын» туын шығарудан басталды. Мұнда қатысушылардың моральдық-психологиялық, физикалық қарым-қабілеті, қару қолдану, өзін өзі қорғау және медициналық жәрдем көрсету шеберліктері сыналады. Ойынға Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мен Беларусь командалары келді. 14-17 жас аралығындағы ұл мен қыз әскери дайындықтарын паш етеді. Сонымен қатар жиналғандар көрме мен мобильді-интерактивті экспозицияны тамашалады. Бұған қоса, «Генерал Сағадат Нұрмағамбетовтың әскери мұрасы» кітабы таныстырылып, «Сағадат» коворкинг-аймағы ашылды.
Дінмұхамед Бекен, жиынға қатысушы:
- Мен №97617 әскери бөлімі әуе шабуылдарына қарсы әскери бөлімінен келіп тұрмын. Біз «Айбын» әскери ойындарына 1 айдан аса дайындалдық және де дайындық барысында көптеген қызық жағдайлар болды. Біз өзіміздің нәтижелерімізді одан жоғары көтере алдық. Ол жақта біз жаңа әдіс тәсілдермен, жаттығу түрлерін үйрендік, басқа да балалармен танысып, өзіміздің тәжірибемізді арттыра бастадық.