Дәрігер Talks: 300-ден астам дәрігер қазіргі медицинаның жай-күйін талқылады

Еліміздің барлық өңірінен жиналған 300-ден астам дәрігер, оқытушы мен ғалым Астанада өткен Дәрігер Talks алаңында бас қосты, деп хабарлайды 24kz.

Олар медициналық қызмет көрсету жүйесінің қазіргі жай-күйін талқылап, өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Жиында Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов қатысушыларды өткен Медицина қызметкері күнімен құттықтап, мемлекет әрқашан денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударатынын атап өтті. Ол сондай-ақ партияның 70 мыңға жуық мүшесі медицина саласының өкілдері екенін және олар «Amanat»-тың маңызды тірегі саналатынын жеткізді. Қазір ауылдағы дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін елді мекендерге көшіп барған мамандарға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді. Заңға енгізілген бұл норма «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген. Жиында кәсіби қызметіндегі еселі еңбегі үшін бірқатар медицина қызметкері марапатталды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы:

- Мемлекет басшысының ұсынысымен қайтадан «Қазақстанның Еңбек сіңірген дәрігері» мемлекеттік наградасы енгізілді. Қоғам дәрігерлеріміздің ерен еңбегін бағалап қана қоймай, олар туралы егжей-тегжейлі білуі керек деп санаймын. Сол себепті де «Amanat» партиясы осы Дәрігер Talks алаңын ашып отыр. Осы жерде медицина қоғамдастығы депутаттық корпуспен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірге ашық диалог форматында өзекті мәселелерді талқылап, оны шешу жолдарын айқындай алады. Біздің міндетіміз – әр дәрігердің үнін естірту.