Нанның қиқымын кім жинайды?

Нанның қиқымын жинап аласыз ба? Оны қайда тастайсыз?

Үйден шыққан қоқысты контейнерге бөліп салғанмен, оны сұрыптап кәдеге асырып жатқан кім бар?

Қоқысты үй жанындағы контейнерге бөліп тастайтындар аз. Ал тамақ қалдығының қайда төгіліп жатқанын ешкім білмейді. Күніге дәмхана, цехтардан бөлек үйден шыққан астың обалы кімге? Жекелеген адамдар бұл іске бел шешіп кіріскенмен, қол қысқа. Үкімет осыны ескеріп, қалдықты қайта өңдейтін кәсіпкерлерге жеңілдікпен несие беруге әзір. 

Тамақ қалдығын кәдеге жарату, қайта өңдеу мәселесі әлі де өзекті. Кәсіпорындардың басым бөлігі шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал қалдықты қайта өңдеп, өнім шығарып отырғандар аз.

БЛИЦ:

- Біз көбінесе тамақ қалдықтарын қалдырмауға тырысамыз. Біз тамақ қалдықтарын қоқысқа тастамаймыз.
- Өкінішке қарай жоқ. Біздің үйде бір-ақ қоқыс жәшігі бар. Бәрін қосып лақтыра береді.
- Бөтелкені бөтелкеге саламыз, тамақты тамаққа саламыз. Соның өзінде тастамаймыз ғой қоқысқа. Даладағы кісілерді көрсем ұрсамын тастамаңыз деп.
- Бір-бірімен араласпау керек қой. Оның қоқыс жәшігіне түскен сусындардың бөтелкесін қайтадан балқытып, өңдейді. Қайтадан жасайды.

 Ардақ Жакежанова, KazWaste қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығының бас маманы:
- 2021 жылдан бастап біздің елімізде тағамдық қалдықтарды полигонға апару тыйым салынған. Дегенмен де инфраструктура болмағаннан, ол қалдықтар бәрібірде полигонға апарылып жатыр. Яғни тағам қалдықтары, органикалық қалдықтар полигонға түскенде, олар ыдырап, метан газын бөледі де, жаз кезінде полигондардың жануы, яғни газдардың бөлінуінен, ол полигондардың жанғанынан ауамыз ластанады.

Әлемде жылына азық-түлік өнімдерінің 3/1 қоқысқа кетеді. Ал елде жылына 4,5 млн-дай коммуналдық қалдық түзіледі. Оның 35 пайызы тамақ.

Абылай Алмұханов, Қалдықтарды басқару департаменті коммуналдық қалдықтар басқармасының басшысы:
- Бізге жалпы тамақ қалдықтарымен жұмыс жасау бойынша бір нормативтік құқықтық актіні қажет етіп отыр қазіргі таңда. Бізде мысалы коммуналдық қалдықтармен жұмыс жасау қағидалары бар. Тамақ қалдықтарын бөлек шығаратын уақыты келді негізі. Әкімдіктерге инвесторларды тартып, тамақ қалдықтарын қайта өңдеу қажет деп, осындай инфрақұрылымды кәсіпорындарды ашу керек.

Бұған дейін нан қалдығынан малға азық дайындаған кәсіпкер өз ісін бастаған еді. Алайда қазір жұмысын тоқтатты. Оған себеп, тұрғындардың қоқысты сұрыптамауы мен шығынның артуы. Қазір елдің Қарағанды, Батыс Қазақстан, Қостанай, Алматы сынды өңірлерінде тамақ қалдығын өңдейтін орындар бар. Алайда ол бүтін елді қамти алмайды.

Абылай Алмұханов, Қалдықтарды басқару департаментінің коммуналдық қалдықтар басқармасының басшысы:
- Наурыз айында Үкімет жеңілдікті несие беру механизмін қабылдады. Яғни жобалар осы қалдықтардың қайта өңдеу саласындағы жобалардың 3 пайыздық несиемен, яғни жеңілдікпен 15 жылға несиелендіру тетігі түзілді. Әкімдіктермен жобалар ұсынылды. Қазір сол жобалар қарастырылуда. Инвесторлар осындай жобаларын әкеліп, өнеркәсіптің дамыту қорлары арқылы өзіндік 20 пайыз қаражатты құйып, қалған жобаға ақшасын алу тетігі қалыптасты.

Иә, инфрақұрылым болмаса қоқысты сұрыптасақ та, бөлек жинасақ та нәтиже болмайды. Ал тамақ қалдығымен бірге су, топырақ, адам еңбегі де рәсуа болып жатыр. 

Авторлары: Зарина Кәп, Мұрат Арипханов