Павлодар облысында тасқыннан зардап шеккендер жаңа үйге кірді
Павлодар облысының Жалаулы ауылында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар баспаналы болды, деп хабарлайды 24kz.
Наурыз айының соңында ауылда 14 үйді су басып, 5-еуі тұруға жарамсыз болып қалды. Комиссия жаңасын салуға шешім қабылдады. Жалаулы ауылында соңғы 30 жылда алғаш рет жаңа үйлер бой көтерді.
Жалаулы ауылының картасында жаңа көше пайда болды. Қаз-қатар тізілген бес үй ауылдың ажарын ашып, елдің еңсесін көтерді. Тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың қуанышын бөлісуге облыс орталығынан арнайы делегация барды. Саяси партия басшылары, қоғамдық бірлестік өкілдері мен өнер ұжымдары жергілікті халыққа қолдау көрсетті.
Блиц:
- Сондай суға кетіп жатқан кезде бізге қол ұштарыңызды беріп, қаншама, міне, волонтерлер келді. Көмектерін берді. Азық-түлік әкеп, қаншама құтқарушылар келді. Сіздерге көптен көп рахмет айтамыз.
Төтенше жағдайдың салдарын жоюға барлық күш жұмылдырылды. Бөгет салынды, үш бірдей қазан шұңқыр қазылды. Енді ауылға тасқын судан қауіп төнбейді. Ең бастысы, Жалаулы ауылының тұрғындары баспаналы болып жатыр. Мердігер компания құрылысты мерзімінен кешіктірмей аяқтады.
Александр Терентьев, мердігер компанияның бас директоры:
- Жұмыстың сапалы атқарылғанын өздеріңіз байқаған боларсыздар. Мен үйлерді заман талабына сай етіп салғыздым. Жуынатын бөлмеге кіріп, қолдарыңызды жылы сумен жуып шықтыңыздар. Ұзақ жылу сақтайтын пеш орнаттық. Оны да көрген боларсыздар. Үйдің жалпы аумағы 102 шаршы метр болады. Барлығы жоспарға сай жасалды
«Үйдің сапалы болуы басты назарда», - дейді мамандар. Қол ұшын созған барлық жанға алғысын жаудырған жалаулылықтар енді мұндай қиындық қайталанбаса екен деп тілейді.
Серік Ахметов, ауыл тұрғыны:
- Көрген бейнетіміз артта қалсын. Келешекте енді осындай жағдай осы Қазақстан еліне келмесін деп айтамын. Басқа жерлерде бұдан ауыр болды ғой, сол елдің де салынып жатқан үйлері бәрі жақсы бітіп, бәрі үйге кіріп, қар түскенше, суығанша бәрі сол үйге кіріп аман-есен, отбасымен жақсы үлкен отбасы құрып, тек жақсылық болсын.
Облыс орталығынан шалғай жатқан Жалаулы ауылында соңғы 30 жылда бой көтерген бұл алғашқы жаңа үйлер. Бір баспананың құны 22 миллион теңге тұрады. Толық демеушілердің қаражатына салынды. Оны өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі бөлген. Қоныс тойға барғандар үйдің көрімдігін ала барды. Бәріне бірдей тұрмыстық техникалар мен өзге де қажет заттарды сыйға тартты.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков