Астананың жылу беру маусымына дайындық тексерілді

Демалысқа шыққан депутаттар ел аралап, халықпен кездесуді бастап кетті, деп хабарлайды 24kz.

Мәселен, аманаттықтар 10 шілдеге дейін партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген нысандарды шолып шықпақ. Бүгін олар «Жол картасы» аясында салынып жатқан «Тұран» Жылу электр станциясының жұмысымен танысып, мекеме басшылығының уәжін тыңдап қайтты.

«Тұран» жылу электр станциясы жақында қолданысқа берілген нысандардың бірі. Үш энергоорталық 1140 гигакалория қуат беріп тұр. Яғни, бас қаланың сұранысын артығымен өтеуге қауқарлы.

Мақсат Есмағұлов, қалалық энергетика басқармасы басшысының орынбасары:

- 23 жылдан бастап біз профицит деңгейіне келіп жатырмыз. Яғни, ешқандай шектеулер жаңа үйлерді қосуға және де жылу желілерімен байланысты қандай да бір ақаулар жоқ. Үш станция жаңадан қосылған бізге түгелімен қажетті гидравликалық режимді ұстауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта аталған энергоорталықтарды қосу арқасында қаламызда бірнеше жылға бізге ешқандай қиындықсыз жылыту маусымдарын өткізуге мүмкіндік туды.

«Қорғалжын» тасжолы маңындағы бұл қазандық Сығанақ көшесінің оңтүстігін, Тұран даңғылының батысын жылумен қамтиды. Бұған қоса, жылу тапшылығы бар негізгі аудандар мен жаңа құрылыс нысандарына да қызмет көрсетпек. Дегенмен...

Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әзірге түбегейлі шешілмегені ол – мына жылу желілерінің құрылысы. Соны менің ойымша, тездету керек. Осы туралы әңгіме қазір осы жерде қозғалды. Тиісті сметалық-жобалық құжаттамаларын қазір қала әкімшілігі дайындап жатыр. Сондықтан осы жұмыстарды тездету керек. Сонда қаланы түбегейлі бүкіл тұрғын үйлері бар, шағын аудандары бар, бәрін жылумен қамтамасыз етуге мүмкіншілік туайын деп тұр.

Мәселе мұнымен бітпейді. Жылу қазандығы тұтынған отын қалдықтары кәдеге жаратылмай жатыр. Тау болып үйілген күлді қайта өңдеуге болады. Онымен айналасатын кәсіпкерлерден де сұраныс көп. Алайда қалдық болса да, оны сатуға болмайды. Өйткені мемлекеттік мекемелерге коммерциялық қызметпен айналысуға заң жүзінде тыйым салынған. Депутаттар энергетиктердің уәжін тыңдай келе, түйткілдің түйінін тарқатуға атсалысатындарын жеткізді.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Қали Несіпбаев