ШЫҰ саммиті. Қонақтардың қауіпсіздігі – елдің абыройы
Елордада Шанхай Ынтымақтастық ұйымы саммиті қарсаңында қауіпсіздік шаралары күн сайын күшейтіліп жатыр.
Ішкі Істер министрлігінің өзінен 8 мыңға жуық полицей тартылған. Сондай-ақ Мемлекеттік Күзет қызметі мен Қорғаныс министрлігіне де бірқатар тапсырма беріліп, міндеттер жүктелген. Сонымен шетелден келген қонақтар мен президенттерді кімдер қорғайды?
Саммиттің қауіпсіз әрі жоғары деңгейде өтуі күштік құрылымдарымызға тікелей байланысты. Соның ішінде Қарулы Күштердің әскери авиациясына үлкен міндет жүктелген. Қазір ұшқыштар әуедегі жаттығуларын аяқтап, кез келген жағдайға төтеп беруге дайын отыр.
Нұрбек Асқарұлы, ұшқыш:
- Біз Шымкент авиабазасының ұшқыштары саммитке ұшып келдік. Бұл әрине үлкен іс-шара. Сол себепті біздің ұшқыштарымыздың бәрі арнайы тәжірибесі бар, қойылған тапсырманы орындауға әрқашан дайын.
Шетелден келген мәртебелі меймандардың қауіпсіздігі толықтай Мемлекеттік Күзет қызметінің мойнында. Әсіресе президенттерді арнайы мақсаттағы элиталық “Көкжал”, “Қалқан”, “Сардар” жауынгерлері қорғайды. Олар мемлекет басшылары отыратын көлік кортеждерін ұйымдастырып, саммит аяқталғанға дейін қауіпсіз жолмен алып жүреді.
МКҚ “Сардар” арнайы жасағының жауынгері:
- ҚР-ның Мемлекеттік Күзет қызметкерлері шетелдік қонақтар еліміздің әуе кеңістігіне кіргеннен бастап қауіпсіздігін өз қарамағына алады.
Құралайды көзге ататын мергендердің де атқаратын қызметі орасан. Олар мемлекет басшылары баратын аумақтарды алдын ала зерттеп, қауіпсіздігіне көз жеткізеді. Әр бұрыш, әр нүкте жауынгерлердің назарынан тыс қалмайды. Яғни биік ғимараттардың төбесінен адамдардың қимылын, көзқарасын қадағалайды. Қандай да бір күдік тудырарлық жайт байқалса, бірден төмендегі әріптестеріне хабарлайды.
МКҚ “Сардар” арнайы жасағының жауынгері:
- Мергендердің жұмысы да өте ауыр. Жүргенімізге қазір 4 сағат болды. Мұның бәрі еліміздің, президентіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздің қызметкерлердің міндеті әрі еліміздің абыройы үшін.
Сондай-ақ ішкі қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке полицейлер жауапты. Тәртіп сақшылары көше мен жол бойындағы және қаланың кіреберісіндегі блокбекеттерге шоғырланып, тұрақтылықты қадағалайды.
Эльдар Данияров, қалалық ПД бастығының бірінші орынбасары:
- Көшелерде және мәдени бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда қосымша қауіпсіздік шаралары қабылданды. Жасақтар саны ұлғайтылды. Бейнебақылау камераларын визуалды бақылау күшейтілді. Қалаға кіреберіс полиция рубеж стационарлық бекеттері жұмыс істейді.
Саммит аяқталғанға дейін мешіттер мен шіркеулердегі қауіпсіздік де күшейтіледі. Сондықтан күштік құрылымдар қала тұрғындары мен қонақтарына қабылданған іс-шараларға түсіністікпен қарауды өтінеді.
Мерей Қанапия, 24.KZ