Қазақстан – Еуразиядағы ең ауқымды жобалардың бастамашысы
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аймақтық ынтымақтастықты арттырып, әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға күш салып келді.
Ал Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде бірқатар маңызды шешімдер қабылданып, халықаралық құрылымның беделі арта түсті, дейді ресейлік сарапшылар. Сол себепті Астанадағы саммитке назар ерекше екенін айтады. Толығырақ тілші бейнематериалында.
Қазақстан Еуразиядағы ең ауқымды жобалардың бастамашысы. Сол себепті сарапшылар ШЫҰ-ның Астанадағы кездесуінен көп үмітті. Бұл ретте Мәскеу Қазақстанның ұйымға төрағалық ету кезінде белгілеген басымдықтарды қолдайды, дейді Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко.
Андрей Руденко, РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Қазақстан осы уақытқа дейін өзін бастамашыл, жігерлі ұйым төрағасы ретінде көрсете білді. Оның төрағалығы барысында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Алдымен мен осы ұйымды реформалау, тиімділікті арттыру, жалпы жаңарту жұмыстарына қатысты мәселелерді атап өткім келеді. Ұйымның құрылғанына біраз уақыт болғандықтан оның кей бағыттағы жұмысын жетілдіру қажет деп ойлаймын.
Қазақстан геосаяси шиеленіс пен сын-қатерлер артып, жаңа қақтығыстар өршіген кезеңде ШЫҰ-ға төрағалық етті. Соған қарамастан Қазақстан сындарлы сәтте өзін жаһандық бітімгер ретінде танытып үлгерді. Сирия қақтығысын реттеудің "Астана форматы" жетістігі, Әзербайжан мен Арменияның Алматыдағы келіссөздер туралы уағдаластығы соның айғағы. Қазақстан ШЫҰ елдерінің көшбасшыларына әлемдік ынтымақтастық туралы бастамасын уақытылы ұсынып отыр, дейді саясаттанушы Андрей Выползов.
Андрей Выползов, саясаттанушы:
- Әлем назары осы іс-шарада. ШЫҰ саммитіне Ресей мен Қытай басшылары, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қатысады. Саммитте Қазақстанның жаһандық бітімгершілік миссиясы шеңберінде бұрын-соңды болмаған геосаяси шешімдер қабылданады деп ойлаймын.
Сарапшылар Астанада ұйымға мүше ел көшбасшылары саяси декларацияға қол қоюы мүмкін. Онда Қазақстанның ШЫҰ-ын жетілдіруге бағытталған ұсыныстары ескеріліп, халықаралық қауіпсіздікті нығайту үшін саяси-дипломатиялық шараларға баса назар аударылады деген болжам бар.
Әсия Нұрлыбаева, Дана Нуржан