Алматыда самокат мектебі ашылды

Алматыда электросамокатты жүргізуді үйрететін мектеп жұмысын бастады, деп хабарлайды 24kz.

Екі дөңгелекті техниканы тізгіндейтіндер үшін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының алдында жаттығу алаңы жасалды. Бұл – әлеуметтік бастама. Сондықтан тегін өткізіледі. Оны қалалық Мобильділік басқармасының қолдауымен кикшеринг компанияларының бірі ұйымдастырып отыр. Мұнда тәжірибелі нұсқаушылар жол қозғалысы ережесін түсіндіреді. Оған қоса, оның құрылымымен және басқару ерекшеліктерімен таныстырады. Былтыр дәл осындай шараларға екі мыңға жуық алматылық  қатысқан.

Даниил Капцан, кикшеринг компаниясының менеджері:

- Мұнда кез келген адам келіп, жаттыға алады. Көп уақытты алмайды. Ұзақтығы 15-20 минуттан аспайды. Нұсқаушылар әрбір қатысушымен жеке жұмыс істеп, электросамокаттарға қатысты негізгі жол жүру ережелерін үйретеді. Біз кикшеринг компаниясы болғандықтан, қала тұрғындары самокатты дұрыс жүргізсе екен, ешкімге зияны тимесе екен дейміз. Жол қозғалысының қатысушылары бәрі бірдей ережені сақтағаны абзал.