Жетісудың Панфилов ауданында көп балалы отбасылар жаңа үйге кіре алмай отыр
Жетісу облысы Панфилов ауданында баспаналы болған көп балалы отбасылар жаңа үйіне кіре алмай отыр.
Үйде су да, жарық та жоқ- деп шағымданады олар. Қоршаусыз тұрған трансформатор мен жанармай құю станциясынан да қауіптенеді.
Алты баланың анасы Жұпар Бұрханбекованың Жаркенттен 30 шақырым жердегі Нұркент ауылына келіп кетіп жүргеніне 1 ай болып қалды. Ол көпқабатты үйге су мен жарық берілді ма, соны білу үшін әдейі келеді. Айтуынша қоныс той тойланған жоқ. Үш бөлмелі пәтер әзірге бос тұр.
Жұпар Бұрханбекова, Панфилов ауданының тұрғыны:
- Осы үйдің кілтін төртінші маусымда алдым. Бір ай болады міне свет жоқ. Дайын үйге келе алмай тұрмын міне. Өзімнің тұрған үйім сатылып кетті. Босатуым керек, қайда барарымды білмей тұрмын. Мына жерге келейін десем светі жоқ, жаңағы тамақ ашып кетеді келейін десем, сол мәселе.
Азамат пен Гүлмира Мұқаевтар сегізінші сәбиін күтіп жүр. Олар да жаңа пәтер алды. Бірақ көп балалы отбасы үшін өте тар болып тұр. Сапасы да көңіл көншітпейді -дейді ерлі-зайыптылар. Есіктері дұрыс орнатылмаған, еденге төселген линолеум көтеріліп кеткен. Үйдің айналасы да толық абаттандырылмаған.
Азамат Мұқаев, Панфилов ауданының тұрғыны:
- Қоршалмаған ешқандай жер. Мына жерде құм, жаңағы трассасының өзі әлі толық бітпегендері бар. Анау жақтарда кіре берістерде шұңқыр бар мысалы. Білмеймін қалай көшіп келеміз. Қалай бұл тұруға болады. Келгеннен кейін балалар шығады, олар ойнайды ол жеті баланың бәріне ие болып отыра алмайсыз дұрыс па?
Аудан басшылығы тұрғындардың шағымы орынсыз деген уәж айтты. Жаңа үй барлық талапқа сай салынды деп отыр. Ал коммуникацияға қосылмауының себебі жауапты мекемелермен келісім-шарт жасалмаған. Тұрғындар да жаппай көшіп келуге де асығатын емес. Сондықтан электр қуаты мен суға әр пәтерді жекелеп қосу тиімсіз, дейді олар.
Дидар Ешенов, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:
- Енді бұл кісілер барып біздің жаңағы жергілікті жердегі электр желілеріне жауапты мекеме бар ғой бізде сол жерге барып келісім-шартқа отыруы керек. Келісім-шартқа отырғаннан кейін ол кісілер келеді де пломба қойып есептеуіштерін қосып береді. Енді барлық жерде солай жасалады ғой. Су бойынша су арнасына барып жаңағы келісім-шартқа отырады. Қазіргі кезде мына жерге жаппай көшіп келмей жатыр.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері трансформатор қондырғысы мен жанармай цистерналарын қоршап, үйдің айналасын тегістеп беретін болды. Панфилов ауданында биыл тағы бірнеше көп қабатты үй пайдалануға беріледі. Пәтер кезегінде тұрған 400-ге жуық адамды баспанамен қамтуды көздеп отыр. Жалпы Жетісу облысында жарты жыл ішінде 83,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қарлығаш Қасиетова, Гүлнар Жантасова, Олжас Байбосынов