Қостанай облысында судан бұзылған жолдар жөнделді

Қостанай облысында тасқынынан бұзылған жолдардың 14 учаскесі қалпына келтірілді.

Бұл су шайып, бүлінген көлемнің төрттен бірі. Ал зақымданған төрт көпірдің екеуін күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр.

Амангелді ауданында көктемгі тасқын бес бағыттағы жолды бұзып, көлік қозғалысын қиындатты. Мысалы Үрпек ауылына дейінгі 16 шақырым  жолдың 12 шақырымын шайып кеткен. Тұрғындар екі апта бойы қайықпен қатынады. Судың екпіні қайтқасын жергілікті шаруашылықтар өз күшімен уақытша өткелдер салған. Ал бір ай бұрын мердігер компания жолды қалпына келтіру жұмыстарын бастады. 

Ахметбек Қанафин, Үрпек ауылының тұрғыны:

- Қазір істеп жатыр. Жақсы енді. Қатынас бар. Тегістеп, жақсартып жатыр. Тас төсейді дейді щебенкамен. Асфальтты келесі жылы деді ау деймін. Биыл төсесе, тіпті жақсы болар еді. 

Жауапты басшылардың айтуынша биыл көтерме жол тегістеліп, суағар құбырлар салынады. Содан соң сараптама жасалып, асфальт төсеу жұмысының жобасы дайындалады. Мұнан бөлек Үрпек-Қабырға бағытында су шайған 22 шақырым жол қалпына келтірілді. Тасты, Байғабыл ауылдарының кіреберістері жөнделді. 

Малшыбай Қаласов, Амангелді ауданы әкімінің орынбасары:

- Содан кейін Степняк ауылында суағар құбырларына зақым келді. Оған да суағар трубаларын айырбастауға, одан кейін  жолды дұрыстап көтеріп, қиыршық тас төсеуге жобалық сметалық құжаттарын қазіргі текте жасалып, экспертизаға алынып, енді қаражат сұратып жатырмыз.

Сөйтіп, биыл Амангелді ауданында су бұзған жолдар толық қалпына келтірілуі тиіс. Ал Жангелдин ауданында барлық алты бағыттағы жол бұзылған. Мамандар қазір аудандағы жолдардың қаншалықты бүлінгені, жөндеуге қанша қаржы қажеттігі есептеліп жатыр дейді. Бұл жұмыс шілде айында аяқталуы тиіс. Содан кейін барып қалпына келтіру басталады. Ал тасқынға қатысы жоқ, бұған дейін қабылданған жобалар бойынша жұмыс жоспарлы түрде жүргізіле береді. 

Серік Айтқұлов, Жангелдин аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Биылғы басталып жатқан жоба Шұбалаң - Қарасу деп талады. Яғни 59,7 километрден  Ахмет Байтұрсынұлы ауылына дейін. Ол жоба бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері толығымен өткізілген, қазіргші таңда мердігер жұмысын бастап, кірісіп жатыр. 

Облыстағы жолдың кейбір тұстарын әлі су басып жатқандықтан жөндеу жұмыстары келесі жылға шегерілуі мүмкін. 

Еркін Баймағанбетұлы, облыстық жолаушыар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

- Қазіргі кезде  төрт жол жабық тұр. Оның ішінде үш облыстық маңызы бар жол. Төртінші жол аудандық маңызы бар деп есептеледі. Судың денгейі бір метр, екі метрге дейін. 

Жалпы облыста биыл 1200 шақырым жолды күрделі және орташа жөндеу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа  36 млдр теңгеден аса қаржы қаралған.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг