Елордада бірінші жастар конвенті өтті

Елордада «Қазақстан – бар ғұмырым!» бірінші жастар конвенті өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылар ән айтып, би билеп, EXPO маңын таныстық аймағына айналдырды.

Бұл – елдің түкпір-түкпірінен жаңа дос табуға келген жастар. Олар күні бойы түрлі тапсырмалар орындап, тәжірибе алмасты. Шараға қатысуға бас-аяғы  20 өңірден 15 мыңнан аса адам өтініш білдірген. Оның 7 мыңы бүгін бас қалада бас қосты.  

Нұрислам Өсер, ұйымдастырушы:

- Неге бұл конвент жиналып отыр? Өйткені әр ел өзгеру үшін бірінші елдің халқы өзгеру керек. Ал халық бір-бірін көру керек. Сол үшін бұл конвентте  еліміздің түкпір-түкпірінен адамдарды, жастарды жинап отырмыз. Ол жастар бір-бірімен көрісіп, табысып, ой алмасып, әрі қарай өз қалаларына барып, ел мәселелерін шешумен айналысады. Біздің жаңа адамдарда 12 азаматтық науқан бар.

Жастар үшін мұнда 15 алаң құрылған. Онда қатысушылар түрлі сынақтардан өту арқылы арнайы валюта жинады. Ұтып алған монеталарын шеберлік сағаттарға қатысуға немесе брендтік киімдерді сатып алуға және басқа да бағалы сыйлықтарға айырбастауға жұмсады.

Әлихан Сәрсенов, «Халық қаһары» жобасының жетекшісі:

- Біздің қозғалысымыз «Жаңа адамдар» деп аталады. Ондағы мақсат – қазақстандықтардың таным-түсінігін өзгерту. Бұл бағытта 2 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Түрлі танымдық бейнероликтер арқылы адамдарға ой салғымыз. Біз «Жаңа әділетті Қазақстанды» бірге құратынымызға сенеміз.

Шараға қатысу арқылы жастар игі бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Қоқыс алаңдарын көбеюіне тосқауыл қоюға бағытталған, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен құмар ойындарына қарсы тұратын жоба авторлары гранттық қолдауға ие болды.