Мал ұрлығына жаңа технология толық тосқауыл емес
Ауылдағы ағайынның күнкөріс көзі – мал.
Алайда жайлаудағы жылқысын үйірімен айдап әкетіп, өрістегі сиырын ұрлап сойып жатса қай-қайсына да оңай емес әрине.
Елде мал ұрлығы азайды дейді сақшылар. Оған бір себеп - жаңа технология. Дегенмен, ұрылардың көбі оған да ығып жатпаған сыңайлы.
Иә, бетіне қарап отырған бірер қарасын ұрылар қолды қылса қай шаруаның да мазасы кетері анық. Алайда ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша кейінгі 3 жылда мал ұрлығы 35 пайызға азайған. Ал ұрлық көп тіркелген өңірлер - Алматы мен Түркістан облысы.
Алмаз Оразов, Түркістан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры:
Түркістан облысы
- Облыс көлемінде соңғы рет екі күн бұрын мал ұрлығы тіркелді. Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында. Тіркелген мал ұрлығы қазір ашылған. Малдары иесіне қайтарылды. 2021 жылы 257 мал ұрлығы тікрлсе, 2022 жылы 248 мал ұрлығы тіркелген. 2023 жылы 206 дерек тіркеліп, Түркістан облысы аумағында жылдан дылға мал ұрлығы қылмыстары азайып келуде. Азайып келеді.
Жалпы ел бойынша 2021 жылы 2 мыңнан астам қылмыс тіркелген болса, 2023 жылы ол дерек 1,5 мыңнан аспайды. 27 мыңнан астам мал ұрланған, оның жартысы иелеріне қайтарылған. Ал осы қылмысты жасағаны үшін 2 мың адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Айдос Досанов, ҚР ІІМ КПД Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
- Жалпы айтатын болсақ ағымдағы жылы 462 мал ұрлығы тіркелген. Олардың 332 фактісі немесе 72 пайызы еркін жайылымдардан ұрланған мал. Соған байланысты ішкі істер министрлігінің бастамасы бойынша жергілікті атқару органдарына ауыл шаруашылығы малдарын жаю бойынша қағидаларды әзірлеп, бекіту құқығы берілген. Ол қағидаларға сәйкес мал жайылымда қараусыз болмау керек.
Мал ұрлығымен күресті күшейту үшін қазір ауыл шаруашылығы және ішкі істер министрліктері өзара меморандумға қол қойды. Мұнда мал иелеріне қолда бар малды цифрландырудың заманауи әдістерін пайдалану қажеттігі көрсетілген.
Айдос Досанов, ҚР ІІМ КПД Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
- Бұл мәселені шешу үшін малды чиптеу қажет. Мысалға айтатын болсақ, ағымдағы жылы маусым айында Абай облысы бойынша 26 бас жылқыны ұрлаған екі қылмыскер ұсталды. Олар ұрланған малдың етін өз жеке көліктерімен тасымалдау кезінде бекетте ұсталынған болатын. Жаңағы етті тексеру кезінде малдың чиптелгені анықталып, чип арқылы малдың иесі табылды.
Автоматтандырылған база арқылы малды есепке алу мал санын толықтай білумен қатар осындай қылмыс орын алған жағдайда бірден анықтауға мүмкіндік береді дейді мамандар. Оның артықшылығы өз нәтижесін көрсетіп отыр
Зарина Кәп, Ырыстанбек Оспанов