Ақмола облысында судан зардап шеккендер баспаналы болды
Ақмола облысында жүз жетпіске тарта үй сатып алынды.
Сөйтіп, Көкшетау мен облыстың бес ауданында тасқыннан зардап шеккен тұрғындар баспаналы болып жатыр. Аймақта әлі де біраз ел пәтер алуға тиіс. Өйткені құрылысы әлі аяқталмаған үйлер бар.
Макинск тұрғыны Лариса Сонаеваның үйі әр көктем сайын суға толатын. Биылғы тасқыннан үйінің қабырғалары қисайып, едені пайдасыз болды. Комиссия баспананы апатты жағдайда де таныды. Көп ұзамай қайырымдылық қоры Лариса Сонаеваның отбасына арнап жаңа тұрғын үй сатып алды.
Лариса Сонаева, Макинск қаласының тұрғыны:
- Маған баспана әперген үшін бәріне алғысымды білдіремін. Енді балаларым жылы жерде, жайлы жағдайда тұрады. Жаңа баспана кең, үш бөлмесі бар. Ең бастысы, су басу қауіпі жоқ.
Макинск қаласында су тасқынынан зардап шеккен он бір отбасыға жаңа үй берілді. Жалпы, Бұланды ауданы бойынша 40-қа жуық адам қираған мүліктері мен үйлерін жөндеу үшін өтемақы алады. Сонымен қатар төрт ауылда 115 жаңа үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Ардақ Смайылов, Бұланды ауданының әкімі:
- 192 адамға 100 АЕК төледік. Ол 87 миллион теңге. Ал енді қазір мүлікке ақшалары төленіп жатыр. Үйлердің жөндеу жұмысына біз қазір құжаттарды тапсырып, ақшаны тосып отырмыз. Қаражат түскеннен кейін елге жібере бастаймыз.
Көкшетауда үйлері жарамсыз деп танылған тұрғындардың мәселесі толығымен шешілді. Соңғы үш айда тасқыннан зардап шеккен 89 қала тұрғынына пәтер сатып алынды.
Евгений Манакин, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Әлі күнге дейін сене алмай тұрмын. Үлкен көмек көрсетті маған. Менің үйім апатты жағдайда болғасын, маған жаңа баспана таңдасын деді. Өзім таңдадым пәтерді. Көрген қиындықтардан кейін бұл мен үшін үлкен бақыт.
Өңірде 160-тан астам үйдің құрылысы жүріп жатыр. Тасқыннан зардап шеккендердің баспанасын жөндеу және жаңадан үйлер салу үшін он миллиард теңге қаражат жұмсалмақ.
Аслан Батталұлы, Евгений Шинкаренко