Талдықорғанда жалпы еңбек өтілі 65 жылға тең құтқарушылар әулеті тұрады

Талдықорғандық Қойшыбаевтар әулетінің құтқару қызметіндегі жалпы өтілі 65 жыл деп хабарлайды 24kz.

Нұргелді Қойшыбаев өрт сөндіруші болып 35 жыл бойы жұмыс істеген. Қазір айбынды әке жолын қос ұлы Диас пен Дархан жалғастырып жүр. Олар талай төтенше жағдайлар мен құтқару операцияларында табандылық көрсеткен білікті мамандар. Біздің түсіру тобымыз осы ерекше еңбек әулетімен жүздесіп қайтты.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Жетісу облысы өрт сөндіру қызметінің даңқ мұражайы Нұргелді Қойшыбаев үшін ең ыстық, жүрегіне жақын жер. Мұнда өңірлік Төтенше жағдайлар қызметінің тарихы, осы салада еңбек етіп, ерлігімен есте қалған әріптестері жайында мол мағлұмат, құнды жәдігерлер сақталған. Нұргелді Қойшыбаевтың өзі де осынау бейнетті жұмыста 35 жыл істеп, зейнетке шыққан. Қазір әке жолын ұлдары жалғастырып отыр.

Үлкен ұлы Диас өрт сөндіру қызметі мамандығы бойынша Санкт-Петербургтегі университетті бітіріп, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне келген. Қатардағы қызметкерден бастаған ол қазір аға инженер.

Диас Байғонысов, ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жедел басқару орталығының аға инженері:

- Кішкентай кезімнен осы әкем маған үлгі болды. Соның арқасында осындай жолға түстік. Бүгінде осындай лауазымда отырмын. Шығыстарға баратын. Өрт сөндіреді, адам құтқарады. Осының барлығын көрген соң ұнады. Өскен соң осы мамандықты таңдадым.

Ал, кенже ұлы Дархан кадр басқармасында жұмыс істейді. 9 жыл ішінде қарапайым өрт сөндірушіден аға инспекторға дейін өсті. Бос уақытында спортпен айналысып, талай жарыста ұжым намысын қорғап жүр. Өрттен құтқару спорты бойынша Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Әр жетістігін әке-шешесі берген тәлім-тәрбиенің арқасы деп біледі.

Дархан Байғонысов, ТЖД Кадр және тәрбие жұмысы басқармасының аға инспекторы:

- Әрқашан бізді дұрыс жолға тәрбиелеп, үнемі көтермелеп жүретін. Бізге көмектесетін әрқашан әкеміз.Болашақта балаларымызды көреміз енді кім болатынын. Енді ағамның екі баласы бар. Өсіп келе жатыр екеуі. Мен өзім әлі үйленген жоқпын.

Қазір қос немересі – Нұргелді Қойшыбаевтың көз қуанышы. Олар да аталарын мақтан тұтады. Ардагер өзі еңбек еткен құтқару саласын ерекше жақсы көреді. Онда қызмет етіп жүрген жастарды үнемі қолдап жүреді.

Нұргелді Қойшыбаев, Төтенше жағдайлар қызметінің ардагері:

- Біздің ардагер ұжымның басты мақсаттарының бірі – жас өрт сөндірушілерді, құтқарушыларды тәрбиелеу. Отансүйгіштікке, заңға бағынуға, жұмыстарын адал атқаруға. Олардың мамандығы қазіргі уақытта киелі бір мамандық қой. Жаңағы адам құтқару.

Қойшыбаевтар – Жетісу облысының құтқару қызметіндегі жалғыз еңбек әулеті. Қажымас қайрат пен төзімді қажет ететін бұл қиын да, қауіпті мамандыққа кездейсоқ адам келмейді. «Сондықтан құтқарушы қандай да болсын құрметке лайық мәртебелі мамандық», - дейді Нұргелді Қойшыбаев.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Қаншы Түргенбаев