Ойыл ауданында тамыздың соңында 178 үй дайын болады

Ақтөбе облысы Ойыл ауданында да тасқыннан кейін 178 үй салынып жатыр деп хабарлайды 24kz.

Баспаналардың дені тамыз айының соңында дайын болады. Қазір Қаратал ауылындағы құрылыстың 70%-і аяқталған. Жұмыстың сапалы орындалуы жауапты мекемелерден өзге тұрғындардың жіті назарында.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Салтанат Оспанова болашақ үйінің құрылысын күнде келіп көреді. Аумағы 80 шаршы метр болатын баспана ескі үйінің орнына салынып жатыр. Қазір қабырғасы қаланып, төбесі жабылған. Енді бір айдан кейін көшіп келмек ойда.

Салтанат Оспанова, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Үй орнына үй салынып жатыр. Жақсы, ризамыз. Ойдағыдай салынып жатыр. Ойымызға сан түрлі ой келді ғой. Алда қалай болады? Үй салып береді дегеннен кейін де біз күттік.1 маусымнан бастап салынды қаланып, кішкене көңіліміз бірыңғайланып, қуандық.

Қаратал ауылы наурыз айының соңында су тасқынына ұшыраған. Сол кезде тұрғындар аудан орталығы Ойылға эвакуацияланды. Қарғын су 210 үйді басып қалған. Қазір жарамсыз күйге түскен 132 баспананың орнына жаңасы салынып жатыр. Ал 60 отбасы дайын үйге көшкен.

Қуаныш Құсайынов, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Келген мердігеріміз жақсы жігіт. Жәрдем сұрасақ, беріп жатыр. Жұмысшыларын уақытында қадағалайды. Барын салып жатыр.

Жалпы Ойыл ауданы бойынша көктемгі тасқын кезінде 328 үйге су кірген. Оның ішінде 307-сі тұруға жарамсыз деп танылып, 129 отбасына дайын баспана алынған. Дәл осындай жұмыстар қарғын судан залал келген 5 аудан мен облыс орталығында жүріп жатыр.

Асылбек Есенбаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Құрылыс қарқыны қазіргі кезде жақсы. Негіші 75%-ке дайындық бар. Бір үйлер 15 тамызға дейін тапсырылады. Қазіргі таңда 25 үй дайын тұр. Барлық үйлерді 31 тамызға дейін  дайындап бітіреміз деп ойлаймыз.

Бұдан өзге, облыста тасқыннан зардап шеккен білім ұяларында да жөндеу жұмысы қарқынды. Сонымен қатар су шайған жолдар мен инфрақұрылым желілері де ретке келтіріледі. Ал жалпы өңір бойынша қазір 511 үйдің құрылысы жүріп жатыр. 

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев