Үкімет басшысы Ақтөбе облысындағы құрылыс барысымен танысты

Батыс Қазақстан облысынан кейін Үкімет басшысы Ақтөбе аймағына жұмыс сапарымен барды деп хабарлайды 24kz.

Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен ауылдардағы құрылыс барысымен танысты. Ойыл ауданы Қаратал ауылындағы үйлердің құрылысына қосымша күш пен арнайы техника тартуды тапсырды. Бұған дейін құрылысшылардың жоспардан кешігуі туралы мәселе көтерілген еді. Қазір тұрғындар үшін 60 үй сатып алынып, 132-сі жаңадан салынып жатыр. Ал Темір ауданындағы Құмсай ауылында 46 баспанаға зақым келген. Бүгінде тұрғындар арнайы сатып алынған 18 үйге қоныстанды. 21 үй жаңадан тұрғызылуда. Сондай-ақ Үкімет басшысы гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне тоқталды. Облыстағы 206 құрылымның 15-і қираған. Сонымен қатар өңірде көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұзылған жолдарды жөндеу үшін Үкімет резервінен 10,2 млрд теңге, облыстық резервтен 6,4 млрд теңге бөлінді. 

Ержан Кенжебаев, мердігер:

- Майдың 30-ында келіп бастадық жұмыстарымызды. Осы таңда қазір 28 үйдің 25-інің шатыры көтеріліп тұр. Екеуінің қабырғасы көтеріліп тұр. Біреуі салынып жатыр, фундаменті құйылып. Осы тамыздың 15-іне дейін жұмыстарды толық бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.

Гүлзада Жұмабекқызы, Құмсай ауылының тұрғыны:

- Көңілім толып жатыр. Иә, реніш алдында болды. Кішкене жайлатыңқырап қалды. Себебі менің шалым 90-ға келіп қалған шал. Мынау будкадан түсіру оңай болған жоқ маған деген. Түсірем, мінгізем. Сондықтан кішкене жайырақ бастады. Жайырақ бастағанмен, артынан тездеңкіретті. Балаларға рахмет. Жақсы, жаман емес. Көңілімнен шығып жатыр. Материалдары да жақсы. Бәрін қарап, қадағалап жатырмыз.