Ақмола облысында тасқыннан зардап шеккендерге 331 үй салынып жатыр

Ақмола облысында 1267 үй қарғын судың астында қалып, 552-сі жарамсыз деп танылған еді, деп хабарлайды 24kz.

Жауаптылар жапа шеккен қарашаны қазаннан қалдырмай жаңа үйге қоныстандыруы қажет. Осы мақсатта баспаналар салынып, дайын пәтерлер сатып алынуда. Сондай-ақ біршамасы жөндеуден өтеді. Атқарылып жатқан жұмыстарды Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев көріп қайтты.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Ақмола облысында үйін су басқан тұрғындар үшін 331 баспана салынып, 200-ден аса тұрғын жай сатылып алынады. Ал тұруға жарамды деп танылған 715 қоныс қайта жөндеуден өтеді. Қазір қираған нысандарды қалпына келтіріп, шығынды толық өтеу жұмыстары қарқынды жүруде.

Міндет те, талап та жоғары. Өнеркәсіп және құрылыс министрі мәселені бақылауында ұстайтынын мәлімдеді. Айтып қана қоймай, өңірлердегі құрылыс қарқыны қалай жүріп жатқанын көзбен көріп, тексерді.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Адамдардың санын бүкіл құрылыста көбейтуіміз керек. Қазір осындай тапсырмалар бердім. Мен екі аптадан кейін осында қайта келемін. Қазір бүкіл Қазақстанда осындай құрылыс жүргізіп жатырмыз. Ең алдымен басты проблема құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету. Одан кейін мобилизация. Қарқыны Ақмола облысында жаман емес.

Ақмола облысында 5 аудан мен Көкшетау қаласының тұрғындары көктемгі көлкіген қар суынан жапа шекті. Мұндағы мыңнан аса үйді су басып, оның 552 -сі жарамсыз деп танылды. Адам тұрғысыз жағдайға жеткен үйлердің басым бөлігі Атбасарда орналасқан. Қалғаны Бұланды мен Жарқайың. Есіл, Астрахан және Көкшетау қаласындағы қоныстар.

552 үй жарамсыз деп танылды

Атбасар ауданы – 203

Бұланды ауданы – 126 

Жарқайың ауданы – 63

Есіл ауданы – 37

Астрахан ауданы – 34

Көкшетау қаласы – 89

Гүлнар Қалиуллина, Капитоновка ауылының тұрғыны:

- Менің үйім судың астында қалды да, ешқандай ештеңе, ремонтқа, ештеңеге жарамайды. Бір қабырғасы құлап қалды ішіне қарай. Енді маған осы жерден үй салып жатыр. Үлкен-үлкен рақмет бәріне. Осы бізді бәрін істеп жатқанына.

Апаттан аса үлкен көлемде жапа шеккен аудандардың бірі – осы Атбасар. Дегенмен, еңсесі түсіп, малы да, салы да суға кеткен ағайынды тамыздың бел тұсында жаңа тұрғын жайға көшірмекші. Мұнда 200 пәтерлі 2 үйдің соңғы құрылыс жұмыстары аяқталудың алдында тұр.

Аманбек Қалжанов, атбасар ауданының әкімі:

- 2017 жылы ағысқа кеткен үйлер бар, 204 үйді көшіруіміз керек. Соған байланысты міне, 200 пәтерлі үйдің аяқталуына келе жатыр. Мынау нөмірі бірінші үйді тамызда бітіреміз деп отырмыз. Екінші үйді 15 тамызда бітіреміз деп отырмыз. 15 атамызға қарай 200 отбасыны толыққанды көшіреміз. Одан қалды қалғандарына міне, 5 қабатты үйді 1 маусымда ғана бастадық.

Ақмола облысында 221 үй сатып алынады

Көкшетау қаласы – 89

Атбасар ауданы – 38

Бұланды ауданы – 11

Жарқайың ауданы – 33

Есіл ауданы – 16

Астрахан ауданы – 34

Бас-аяғы 4 ауданда апатты үйлердің орнына жаңасы салынады. Ал қалған қарашаға 221 дайын баспана сатып алынады. Оның аудандарда 129-ы, ал Көкшетауда 89-ы алынып, иелеріне табысталды. Қалғаны да қазаннан қалмай тұрғындарға беріледі.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Өрден Жарқын