Ордабасы ауданында 10 коммуналдық жағажай ашылды

Түркістан облысының Ордабасы ауданында 10 коммуналдық жағажай ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Ауылдық округтерде орналасқан маусымдық орындар халыққа тегін қызмет көрсетеді. Соның бірі – Бөген елді мекеніндегі Бөген су қоймасының жағасынан ашылды. «Демалыс орнында қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған», - дейді төтеншеліктер.

Бүгін Бөген су қоймасының жағасындағы жағажайда адам қарасы қалың. Ауыл тұрғындары тайлы-тұяғына дейін қалмай осында келген. Әсіресе, балалардың қуанышында шек жоқ. Себебі олар бұрын шомылуға тыйым салынған орындарда да суға түсуге мәжбүр болған. Енді ауылдықтар қауіпсіздік шаралары барынша сақталған шомылу орнында жан рахатын сезінуде.

Әзімхан Бердіхан, Бөген ауылының тұрғыны:

- Біздің ауылымыздан мынау шомылатын орын ашылып жатыр. Барлық қауіпсіздік шаралары жасалған. Төтенше жағдай, медицина қызметкерлері бар, құтқарушылар бар, бәрі осы жерде. Келіп шомылуға болады, рахмет.

Жаз мезгілінде су айдындарында жазатайым оқиғалар көп болады. Соның алдын алу мақсатында аудан басшылығы қауіпсіз жағажайлардың санын көбейтуге күш салған. Ол үшін өзен-көлдердің жағасынан арнайы жер бөлініп отыр.

Дінмұхаммед Қаныбеков, Бөген ауылдық округінің әкімі:

- Бөген ауылынан орын белгілеп, жағажай жасадық. Оны енді әзірше, қолдағы бар материалдармен өзінің арнайы белгілерін жабыстырып, арнайы құрал-жабдықтарымен жасап, қазіргі уақытта халықты осы жерде шомылдырып жатқан жайымыз бар. Бұл жерді әлі де дамытатын боламыз.

Аталған жағажайда ең алдымен адамдардың қауіпсіздігіне баса мән беріледі. Жазатайым жағдайларды болдырмас үшін құтқарушылар, алғашқы медициналық көмек көрсету және қоғамдық тәртіпті сақтау бекеттері де құрылған.

Оразкелді Дүйсен, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

- Бұл жерде құтқарушылар күнделікті кезекшілікте болады. Медициналық пункт бар. Ордабасыда жалпы он коммуналыдқ жағажай ашылып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасын табатын болады.

Жалпы биыл Түркістан облысы аумағында тұрғындарға 36 қауіпсіз демалыс орны қызмет көрсетуде. Дәл осындай коммуналдық жағажайлар Арыс қаласы мен Сауран аудандарында да ашылған. Айта кетейік, шомылу маусымы басталғалы бері өңірде 7 адам суға кеткен. Оның екеуі бала. Ал, рейдтік шара барысында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су айдындарында қараусыз жүрген 500-ден астам баланы ата-анасына табыстаған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуныш Әбуов