Шымкенттегі «Фосфоршылар» мәдениет сарайы сүріледі

Шымкент қаласындағы 50 жылдық тарихы бар «Фосфоршылар» сарайы сүріледі, деп хабарлайды 24KZ.

Оның орнына заманауи көпфункционалды мәдениет үйін салу туралы шешім қабылданды. Себебі зәулім ғимарат ондаған жыл қараусыз қалып, қабырғалары қақырай бастаған. Зерделеу нәтижесінде оны қайта қалпына келтіруге болмайды деген тұжырым жасалды.

Айта кетейік, жекенің меншігінде болған нысан былтыр мемлекетке қайтарылған болатын. Енді оны сүріп тастап, жаңасын салуды қайырымдылық қоры жүргізеді. Жоспар бойынша жаңа мәдениет сарайында өнер үйірмесі мен кәсіптік бағытқа баулитын сабақтар ұйымдастырады. Нысанның аумағы абаттандырылып, халық игілігіне қайта беріледі.

Әйгерім Жұмағұлова, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а.:

- Бүгінгі күні техникалық сараптама аяқталды. Бұл бойынша оны қайтадан қалпына келтіру мүмкіндігі тумай отыр. Сүріледі деген шешім қабылданды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында демеушілер есебінен тарихи келбеті, функционалдық міндеті бәрі толығымен сақталады. Тұрғындарға оның айырмашылығын барынша сездірмеуге тырыстық.