БҚО-ның Бөрлі ауданында судан зардап шеккен 60 отбасына жаңа үй берілді
Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынған жаңа үйлер пайдалануға беріле бастады.
Бөрлі ауданында 60 отбасы қоныс тойын тойлады. Мұнайлы ауданда көктемде 4 ауылды су басып, 390 үйді су алған болатын. Арнайы комиссия шешімімен соның 126-сы жарамсыз деп танылған.
73 жастағы Мақпал Нұрғалиева бүгін аса қуанышты. Өңір басшысының қолынан жаңа баспананың кілтін алды. Ертең қоныс тойын тойламақ. Ал осыдан тура 4 ай бұрын зейнеткердің үйін су басып, бар жиған-тергенінен айырылған болатын. Сол кезде «ешкім де далада қалмайды», - деген Мемлекет басшысының сөзі көңілге демеу болды дейді ол.
Мақпал Нұрғалиева, Ақсу ауылының тұрғыны:
- Қатты болды. Кіре алмай, әрең кірдік. Үй құлады. Қарады комиссия. Жарамсыз деді. Саман үгіліп құлап жатыр ғой. Іргесінің бәрі құлады. Рахмет, Үкімет қалдырған жоқ. Бастысы Президентімізге, басшыларымызға рахмет!
Бөрлі ауданында су кірген 390 үйдің 126-сы жарамсыз деп танылды. Соның 66-cына Ақсайдан үй сатып алынса, 60 үй жаңадан салынды. Бүгін Ақсу, Кеңтүбек, Пугачев, Аралталда үйлер тапсырылды. Тасқыннан келген өзге де шығын толық өтелді.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған тапсырмасы орындалды. Халқым сол кезде қиындық көрген болса, қайда барамыз, қандай жағдай болады, үйіміздің өтемақысы бола ма, тұрғын үй салына ма деген үлкен уайымда болған болса, соның бәрі артта қалды дегім келеді. Қазір демеушілердің көмегі арқасында үйлерді уақтылы салды және сапасы да жақсы. Кілттерін тапсырып жатырмыз. Қазір қалада жүріп жатқан тұрғын үйлердің құрылысын біз 1 қыркүйекке дейін аяқтағымыз келеді.
Жалпы өңірде 775 үй жаңадан салынып жатса, соның 374-і Оралда жүзеге асып жатыр. Облыс орталығында жалғыз баспана санатындағы саяжай үйлерінің 2616-ы апатты деп танылса, 468-і жөнделмек.
Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов