Приозерск қаласында жасы 50-ден асқан 500 адам жұмысқа тұрды

Приозерск қаласында жасы елуден асқан 35 адам «Күміс жас» жобасымен тұрақты жұмысқа тұрды, деп хабарлайды 24kz.

Кезінде жабық әскери қалашық болған елді мекеннен тоқсаныншы жылдары жұрт үдере көшкен еді. Кәсіпорындар мен мекемелер жабылып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы да нашарлап кетті. Ал, қазір шағын шаһар дами бастады.

Мейрамбай Ердәулетовтың жасы 57-де. Зейнеткерлікке жақындап қалғандықтан, оны ешқайда жұмысқа қабылдамай, біраз уақыт бос жүріпті. Ал биыл «Мансап» орталығының «Күміс жас» жобасына қатысып өзіне лайықты жұмыс тапқан.Бүгінде Приозерск – Сарышаған бағытында жүретін автобустың жүргізушісі.

Мейрамбай Ердәулетов, қала тұрғыны:

- Айлығым жақсы. 200 мың теңгеден жоғары айлық аламын. Саймандарын уақытылы тауып береді. Уақытында жұмысқа шығамыз. Осы елдің қамы үшін жұмыс істеп жүрген жайымыз бар.

Ал Нағима Байдосова былтыр кәсіпкерлік грантын жеңіп алған. Қаладан шағын тігін цехын ашқан. Шалғайдағы шаһарда қызметтің бұл түріне сұраныс бар. «Маңайдағы ауылдардың да тұрғындары осында келеді», - дейді шағын кәсіп иесі.

Нағима Байдосова, кәсіпкер:

- Жастықтарды ретке келтіремін барлығын, көрпелерді, мақталарын барлығын жасаймын. Одан бөлек, реставрациялаймын, киімдерді жаңалаймын, жаңадан тігемін. Перделерді түгел тігіп жасап жатырмыз. Дамып келеміз, Кәсібімді кеңейтіп, бұдан да үлкенін ашқым келеді.

Биылғы 7 айдың өзінде қала бойынша 308 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. 222 адам жалақысын субсидиялау арқылы еңбек етіп жүр. Жеке кәсіп ашам дегендерге де қолдау бар.

Гүлжан Тұрдымұратова, қалалық «Мансап» орталығы директорының міндетін атқарушы:

- Сонымен қатар «Мансап» орталығында қысқа мерзімді кәсіптік оқытулар ұйымдастырылады. Биылғы жылға аспаз және тігінші мамандықтары бойынша оқытылуда. Жаңа бизнес идеяларын жүзеге асырсам деген азаматтарға грант беріледіү Биыл 10 адамға беру жоспарланса, 5 адам грант алды.

Қазір қалада 14 мың тұрғын бар. Биыл 500-ге жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Кезінде жабық әскери қала болған Приозерскте туризм мен кәсіпкерлік саланы дамытудың нәтижесінде халық саны көбейіп келеді.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар