Шымкентте 137 мың оқушы тегін тамақпен қамтылады

Жаңа оқу жылында Шымкенттік 137 мың оқушы тегін тамақпен қамтылады, деп хабарлайды 24kz.

Бастауыш сыныптан бөлек, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары үшін бюджеттен 13,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы мәлімдеді. Қазір оқу орындарына бекітілген біріңғай ас-мәзірі ұсынылып, әр балаға қосымша көкөніс пен жеміс-жидек беру туралы шешім қабылданды. Комиссия мүшелері асханалардың жабдықталуын тексеріп, оқу жылына дайындықты пысықтап жатыр. Ал №65 мектеп-гимназиясында алғаш рет «Алақан» деп аталатын пилоттық жоба енгізілді. Бұл балалардың тегін тамақпен тұрақты қамтылуын қадағалауға мүмкіндік бермек.

Нұргүл Шәмшиева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Тамақтандыру қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлер сол меню бойынша жұмыс істейді. Ол мәзірден ауытқуға болмайды. Ал енді өзгешелікке келетін болсақ, осы жылы көкөністердің үлесі, кептірілген жеміс-жидектерден сусын жасап беру көбейтілді. Лактозаның құрамы азайтылды сүт өнімдерінің. Жалпы баланың бойында физиологиялық процестерді тежемеу үшін зат алмасу процестерді жөнге қою үшін қабылданған шаралар.