Алаяқтыққа тосқауыл: қыркүйекте заңсыз алынған несиелер шегеріле бастайды
Қыркүйектен бастап азаматтардың атынан заңсыз алынған несиелер шегеріле бастайды, деп хабарлайды 24KZ.
Алайда бұл тек ерікті түрде кредит алудан бас тартқан тұрғындарға ғана қатысты. Осылайша, құзырлы органдар: «Отандастарымызды алаяқтың құрбаны болудан құтқарамыз», – дейді. Жаңа бастама қаншалықты тиімді? Алаятықтың жолын кесуге көмектесе ме?
Бұл – бірер күн бұрын ғана болған арнайы операцияның жедел түсірілімі. Құзырлы органдар алаяқтық жолмен азаматтардың атына несие рәсімдеген атыраулықтың ізіне түсіп, 9 қылмыстық іс ашты. Күдікті банк қосымшасы арқылы өзгелердің атынан 7 млн теңге алған.
Сәдуақас Жанғалиев, Атырау облысы ПД киберқылмысқа қарсы күрес тобының аға жедел уәкілі:
- Күдікті адам қала аумағында жолаушылар тасымалдап жүріп, масаң күйде жәбірленуші отырған. Соны пайдаланып, ұялы телефонын алып, сол арқылы ірі көлемде несие рәсімдеп отыр. Алаяқтар көбінесе банк қызметкері ретінде қала тұрғындарына ұялы телефон соғып, 4 цифр сұрап, сол арқылы несие рәсімдеп отыр.
Бұл істі алаяқтық қылмыстың ең жеңіл түрі десек те болады. Себебі қазір қаскөйлердің қауқары қатты. Сізді миллиондаған қарызға батыру үшін рұқсатыңыз да керек емес. Себебі қажетті деректерді алаяқтар оңай тауып алып отыр. Алайда құзырлы орындар енді мұндай алаяқтыққа жол бермес үшін тұрғындарға кредиттен ерікті түрде бас тарту мүмкіндігін ұсынды. Жауаптылар: «Егер eGov.kz арқылы өзіңізді несиеден 6 айға шектеу қойсаңыз, сіздің сыртыңыздан ешкім несие рәсімдей алмайды», – деп сендіреді. 7 айдың ішінде бұл мүмкіндікті 400 мың адам пайдаланды. Енді қыркүйектен бастап осы азаматтардың атына заңсыз алынған кредиттер шегеріле бастайды.
Өзіңізді несиеден тыю үшін көп нәрсе керек емес. eGov-тың қарапайым мобильді қосымшасымен өтініш тастауға болады.
«Алайда бұл азаматтарды алаяқтардан толық қорғамайды. Тұрғынның жеке дерегі мен биометриясын тапқан хакер үшін ЭЦҚ кілтті қайта жасау түкке тұрмайды. Тиісінше қаскөйлер сіздің атыңыздан өтінішті бұзып, несие рәсімдеуі бек мүмкін». Сарапшы Нұржан Темірғалиұлы осылай дейді. Оның айтуынша, қылмыс көбейгенімен, көбі ашылмайды. Себебі бұл іске банк мүдделі емес.
Нұржан Бияқаев, сарапшы:
- Алаяқ-хакерлерге сіздің ЭЦҚ кілтіңізді істеу қиын емес. Сол үшін бұл бастама да мәселені толық шешеді деп ойламаймын. Банктегі қауіпсіздік қызметі полицейлерге барлық деректі бермейді. Тергеушілерден де белсенділікті байқау қиын. Себебі бізде банк лоббиі бар. Мәжіліс жанындағы жұмыс тобында болғада түрлі қоңыраулар түсіп, қысым болды. Депутаттардың өзі еркін жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтінін ашық айтты. Заң жобасына көптеген түзету енгізуге тура келді.
Сарапшылардың пікірінше, алаяқтардың ізіне түсу тұтынушының емес, банктің машақаты болу керек. Заң соны талап етсе, қаржы ұйымдары қауіпсіздікті күшейте бастайды. Алайда қазір бұл оларға тиімсіз.
Нұржан Бияқаев, сарапшы:
- Мәселенің тамырымен күресу ешкімге тиімді емес. Банк тұтынушыға сілтейді. Несие сенің атыңа рәсімделді, бұл – сенің мәселең, толық өтеу керек. Қазір де түрлі шара қабылданып жатыр, бірақ бұл жеткіліксіз. Істі жеделдетпесек, құрбандар көбейе береді.
Соңғы уақытта алаяқтар күштік құрылымдардың атын жамылып, алдауды бастады. Жыл сайын миллиардтаған қаржы күлге айналып, жоқ болады. Ұрланған теңгелердің кімге, қайда кетіп жатқаны белгісіз. Азаматтар амалсыз бөгде біреудің несиесін өтеуге мәжбүр. Ал ерікті түрде несиеден бас тарту алаяқтан қорғанудың бір жолы ғана.
Авторы: Бекзат Аманов.