Шымкентте еңбек өтілі мол құрылысшылар әулеті тұрады

Шымкентте жалпы еңбек өтілі ғасырға ұласқан құрылысшылар әулеті тұрады.

Темір-бетон бұйымдарын өндіретін зауытта Шералы Ядыгаровтан тараған 6 қыз бен 1 ұл да жұмыс істеген. Қазір құрылысшы өзі зейнет жасына жетсе де кран басқарып, өзге жұмысшыларға жылдап жинаған тәжірибесін бөлісіп жүр.

Еңбекпен есейген Шералы Ядыгаров 40 жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істеп келеді. Алғашында арматура тоқып, бетон құйған. Қазір негізгі мамандығы бойынша кран басқарады. Дайын плиталарды біркелкі етіп жинап, ауыр көліктерге артып береді.

 

Шералы Ядыгаров, краншы:

- Мен жұмыссыз тұра алмаймын. Бір күн демалысымызда да бәрібір жұмысқа тартып тұрады. Денсаулық болса жұмыс істеген жақсы. Үйде отырсаң ауырып қаласың.

Еңбек адамының қолынан өткен құрылыс материалдары ел аумағына тарайды. Сондықтан жұмысына асқан жауапкершілікпен қарап, жүк тиеуде техникалық-қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтайды. Ал қаладағы зәулім тұрғын үйлерді көргенде кеудесінде мақтаныш кернейтінін айтады.

 

Шералы Ядыгаров, краншы:

- Қалаға шықсақ зәулім үйлерді көргеннен кейін сүйінесің. Істеген бейнетің, сенің жіберген материалдарың. Мақтанамыз. Қуаныш. Балаларға да айтып отырамыз. Біздің салған үйлер, біз салған тамдар деп. 

Өндіріс көлемі артқанда жұмыс кестесі де екі ауысымға көшірілді. Барлығы 180 маман еңбек ететін зауытта «Үздік құрылысшыларға» құрмет көрсетіледі. Олардың жалақысына үстеме ақы қосылып, жылына бір рет сауықтыру шипажайына жолдама беріледі.

 

Ілияс Әбдірахманов, компанияның өндіріс бөлімі директорының орынбасары:

- Шералы ағамыздың өзі бізде істеп жатқанына 20 жылдан асты. Жұмыс ұнағаннан кейін өзінің қыздарын, бала-шағасын, көршілерін сенімді болғаннан кейін тартып отыр бізге. Біз ондай кісілерді бағалай білеміз.

Шералы Ядыгаровтың әкесі де құрылысшы болған. Қазір оның ізін ұл-қызы басып, ұрпақтар сабақтастығын жалғады. Әулеттің жылдап жинаған жалпы еңбек өтілі ғасырға ұласты.

 

Гүллала Асланова, Ш.Ядыгаровтың қызы:

- Как будто мен басқа жұмыс істей алмайтын сияқтымын. Осы жұмыстан басқа. Ұнайды жұмысым өзіме. Сіңлілерім істеді. Менен алдын 2 сіңлім істеді.

 

Шадияр Бақтияров, Ш.Ядыгаровтың немересі:

- Колледжді краншыға бітіремін да атамның қасында жұмыс істеймін. Атамнан үйренерім көп әлі. Бос кезімде атамның қасында уақыт өткіземін. Кран айдатады. 

Құрылыс саласының дамуына елеулі еңбек сіңірген әулетті құрылысшылардың республикалық одағы да жоғары бағалады. 2020 жылы Шералы Ядыгаровқа медаль табыстап, арнайы марапаттады. Ал жылына миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынатан қалада олардың адал еңбегі көпке үлгі.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов