Батыста электр желілері жаңартылып жатыр
Бәйтерек, Шыңғырлау және Бөрлі аудандарында жоғары кернеулі электр желілері жаңғыртылып жатыр.
Бас аяғы 91 шақырым.
Көктемде Батыс Қазақстан облысындағы тасқын салдарын жойып, тоқ жүйесін қалпына келтіруге 1 миллиардтан аса қаражат бөлінген еді. Мына жұмыстар сол қаржыға атқарылады. Одан бөлек электр тораптарын таратушы компанияның өз күшімен 594 шақырым электр желісі және 42 шақырым магистральді жүйе жөнделеді.
Бөрлі ауданына қарасты Кеңтүбек пен Александровка ауылының арақашықтығы 28 шақырым. Осы орта көктемде телегей-теңіз болды. Қырдан құлаған қызыл су электр бағандарын құлатып, айналадағы елді мекендер жарықсыз қалған еді.
Ерболат Қазмағамбетов, Бөрлі аудандық электр торабының басшысы:
- Бұл линия 1968 жылы салынып іске қосылған, тозығы жетіп тұр. Соның себептерінен көктемде су тасқыны кезінде бағаналар құлады. Сол бағаналарды қалпына келтіріп жатырмыз. Сең жүрді, сумен сең келіп бағандарды түйіп құлатып, елді мекендер жарықсыз қалды жұмалап.
Су тасқынынан қираған электр желілерін қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 242 миллион теңге бөлінсе, республикалық бюджеттен Үкімет қаулысымен 1 млрд 129 миллион теңге қаралыпты. Бөрлі ауданына соның 400 миллионы тиген.
Руслан Мақашев, учаске бастығы:
- Линияның ұзындығы 28 шақырымды құрайды. 302 бағана құрайды. Бастағанымызға 3 аптаның төңірегі болып қалды. Мерзім қазан айында біту керек.
Батыс Қазақстан облысында түрлі кернеудегі электр желілерінің жалпы ұзындығы 20 мың километр. Соның 80% тозығы жеткен. Биыл электр тораптарын тарату компаниясының жөндеу қоры есебінен 594 шақырым 0,4 киловольттік желі жөнделуде. Инвестбағдарлама бойынша 600 миллион теңгеге 42 шақырым жоғары кернеулі желі жаңартылмақ. Одан басқа Тасқала ауданындағы Мерей және Бөрлі ауданындағы Бумакөл ауылдарының ауылішілік желілері жаңғырған. Бұрын үп еткен жел болса, желі үзіліп, қараңғылық құшағында қалатын едік, - дейді тұрғындар.
Ескендір Қаналиев, Бумакөл ауылының тұрғыны:
- Жылда жел, боран болса светсіз қалатын едік. Қазір ауыл жарқырап, барлығын жаңадан салды. Бұрын жарықсыз қалатыны 68-де істелген электр желілері ғой, столбалары шіріп, сымдары созылып, құйттай жел соқса, біріне бірі тиіп, сондай не болатын едік. Қазір көз ашылды. Арманымызға жеттік деуге болады Ауыл көркейді, қазір түнде жап-жарық.
Батыс Қазақстан электр тораптарын таратушы компанияның жөндеу қоры мен инвестициялық бағдарламасы бойынша биыл саланың кем-кетігін түгендеуге 1 миллиард 374 миллион теңге қаралған. Алайда мамандар бұл сома жеткіліксіз деп санайды. Электр желілерінің тозу көрсеткішін жақсартуға қомақты қаражат қажет.
Асқар Ғайсин, Батыс Қазақстан электр тораптарын тарату компаниясының бас инженері:
- 20 млрдқа бағдарлама жасақтағанбыз. Енді соның қазір 12 жоба жасақтаулы тұр. Қазір қаражат көздерін заңдастыру жағын шығара алмай жатырмыз. Оған қазір енді министрлік, энергетика қаржы министрлігі жұмыстанып жатыр. Тамыз айында энергетика заңдарына өзгерістер енгізіп қаржы көздерін қарастыратын оңды шешімін тапса біздің БҚО 20 млрд жұмысын құрылысқа бастауға болады. Жоба сараптама, сынақтан өтіп тұр.
Егер үш жылдық бағдарламаға қаржы бөлу тетіктері табылса, өңірдегі электр желілерінің тозу көрсеткіші 65 пайызға дейін азаймақ. Ал осы саланы толықтай жаңартуға мамандардың мәлімдеуінше, 168 миллиард теңге керек көрінеді.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Е. Меңдіғалиев