Хромтауда «Туған қала» жобасы жүзеге асырылып жатыр

Хромтау қаласының тұрғындары абаттандыру және безендіруге белсенді атсалысып келеді.

Шаһарда «Туған қала» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында моноқаланың кез келген тұрғыны спорт және балалар ойын алаңын, саябақ салуға ұсыныс жасай алады.

Шахтерлер қалашығының шетіндегі шағын ауданда осы алаң жақында пайда болды. Әткеншектер ойын балаларынан бір босамайды. Бұған дейін олар жол бойында немесе көше соңындағы алаңқайда ойнайтын.

Нұрсаят Серік, оқушы:

- Біз деген басында ана жақтың, новый станцияның площадкасына баратын едік. Алысқа баруға шаршаймын. Жаяу барамын, велосипедпен барамын. Осы жерде болғаны жақсы. Жаяу келесің де осы дерде отырасың, "кәсетесің". 

Балалар алаңын салуға Ботагөз Жүсіпова мұрындық болған. Ол «Туған қала» бағдарламасына екі жоба ұсынған. 

Ботагөз Жүсіпова, Хромтау қаласының тұрғыны:

- Бастапқыда ұсынысым қабыл болатынына сене қоймадым. Жобаны сызып, шығындарын есептеп, орталық мамандарымен бірге рәсімдеген соң дауысқа салдық. Кейбір жерлестерім ойын алаңының салынатынына күмәнмен қарады. Бірақ көпшілік дауыс берген соң ойымыз жүзеге асты.

Ал Нұрдәулет Жайлаубай Хромтау көшелерін түрлі түсті шамдармен безендіруді ұсынған. Өкінішке қарай бұл жоба тұрғындардан қолдау таппады. 

Нұрдәулет Жайлаубай, Хромтау қаласының тұрғыны:

- Осы жылы мен деген екі жоба бергенмін. Бір жобама дауыс жетпей қалды адамдардың. Қаланы деген көркейту болған гирляндалармен. Тек қана бір жобам қалды. Болашақта бірнеше әлі идеям бар. Хромтауымды көркейтуге дайынмын деп айта аламын. 

«Туған қала» бағдарламасы – әлеуметтік бастама. Аудан орталығын абаттандыруға және көркейтуге бағытталған шараларға шаһардың іргесіндегі ірі өндіріс орны қаражат бөледі. Жыл сайын шамамен 100 млн теңге қарастырылып отыр. Осы күнге дейін спорт алаңдары мен саябақтар, мурал салу сияқты 30-ға тарта жоба жүзеге асқан. 

Асхат Арыстанбаев, "Туған қала" жобалық орталығының қызметкері:

- "Туған қала"жобасына электронды түрде хат жазады немесе консультантқа телефон арқылы болсын, әлеуметтік желі арқылы болсын хабарласа алады. Және содан кейін ол өзінің идеясын береді және жоблық орталықтағы қызметкерлер арқылы идеяны дамытамыз, пысықтаймыз содан соң жүзеге асады. 

Әлеуметтік бағдарлама аясында биылдан бастап түрлі фестиваль мен спорттық шаралар да ұйымдастыруға болады. Бұл мақсатқа да қомақты қаржы қарастырылған.

Мансұр Есқожин, Айбек Даутов