Отандық энергетиктер АЭС салудың техникалық мүмкіндіктерін талқылады
Отандық энергетиктер атом электр станциясын салудың техникалық мүмкіндігін талқылады, деп хабарлайды 24kz.
Энергетикалық нысанға қажетті энергия тасымалдаушыларды жергілікті жерде өндіруге әбден болады. Осылайша, Өскемендегі металлургия зауытының мамандары ядролық өндірістің қуатын арттыруды көздеп отыр. Қазір ірі өндіріс ошағы өз өнімін Қытайға экспорттайды.
Өскемен зауыты атом электр станциясына қажетті энергия тасымалдаушыларды 70 жылдан бері өндіреді. Соңғы жылдары уран өндірісін жаңғыртуға екі миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Металлургия зауытының мамандары қажеттік туындаса, өндіріс қуатын арттыруға дайын.
Манарбек Қылышханов, металлургия зауытының бөлім басшысы:
- Отын таблеткалары геометриялық тұрғыда бір-бірінен әртүрлі болып табылады. Соған байланысты егер алдымызға мақсат қойылған болса, өндірістік арнайы жабдықтар алып, желі қою керек болады. Сол жерде сәйкес дизайндағы таблеткалар шығаруға болады. Бұл жерде ең маңызды мәселе – кадр мамандар. Біздің зауытта ондай білікті мамандар бар және оны қалай жасау керек екенін білеміз.
Қазақстан табиғи уран қоры бойынша екінші орында. Сондықтан шикізат жеткілікті. 2021 жылдан бастап атом станциялары үшін негізгі отын элементтерінің жоғары технологиялық өндірісі іске қосылды. Жалпы АЭС – күрделі энергетикалық нысан. Өте ауқымды жоба. Сондықтан отандық энергетиктер оны барынша қолдап отыр. «Нысанды қамтамасыз етуге қауқарымыз жетеді», - дейді «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басшылары.
Әсет Махамбетов, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басқарушы директоры:
- Осы зауыттың жоспарлы қуаттылығы 200 тонна. Жылу Үлбі құрамалары бойынша 200 тонна. Бұл сегіз реактордың отынын қамтамасыз етеді. Яғни бір реакторға шамамен жылына 30 тонна жылу үлбі құрамасы қажет.
Қазақстанда үшінші буын атом электр станцияларын салу нұсқасы қарастырылып жатыр. Онда қауіпсіздікке баса көңіл бөлінеді. Жалпы жобаның іске асуы ұлттық референдумда шешіледі.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов