Шымкентте кене табылған аймақтарда дезинсекция жұмысы басталды

Шымкентте вирустық ауру тарататын қауіпті кенелер табылған 10 аймақта дезинфекциялық жұмыстар басталды.

Конго-қырым қанды қызбасының ошағына Тоғыс, Бадам, Ақтас, Ақжар, Тассай және тағы басқа шағынаудандар жатқызылды. Қазір зиянкестердің таралуын тоқтатып, ауруды алдын-алу үшін санитарлық қорғаныш аймақтары құрылып жатыр. Сонымен қатар жеке тұрғын үй секторында орналасқан қора-қопсы мен мал-жанға да кенеге қарсы залалсыздандыру жүргізіледі. Айта кетейік, жаппай дәрілеу науқанының екі кезеңіне, бюджеттен 19 миллионға жуық теңге бөлінді. Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетованың мәліметінше, биыл кене шаққан 574 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның екеуінен вирус табылып, бірі қаза тапты.

Айгүл Тұрымбетова, қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Ол дезинcекциялық шараларды өткізіп болғаннан кейін міндетті түрде комиссия мүшелері құрылады. Сол комиссия мүшелерімен жүргізілген дезинсекциялық шаралардың тиімділігі мен сапалы жүргізілгенін бақылап, сапасыз жүргізген жағдайда кенелердің кездесу индексі қайтадан анықталып жатса, қайта залалсыздандыру жүргізіледі.