ШҚО-да қазандықтарды жөндеу жұмыстары кешігіп жатыр
Шығыс Қазақстан облысындағы жылу электр орталықтары жылу беру маусымына 75% дайын, деп хабарлайды 24KZ.
Мысалы, Алтай қаласында жабдықтарды жеткізу мәселесі қиындық тудырып отыр. Жұмысшылардың да жетіспеуі байқалады. Соның салдарынан биыл Алтай қаласының тұрғындарына ыстық су уәде еткен мерзімнен кеш берілмек.
Алтай ауданында биыл 3 жылыту қазандығы жөнделіп жатыр. Аудан орталығы мен Серебрянск қаласы және Жаңа Бұқтырма кентіндегі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 860 млн теңге бөлінген. Мердігерлер жылыту маусымы басталғанша қазандықтарды жаңартып үлгеруге тиіс. Дегенмен Алтай қаласындағы ахуал көңіл көншітпейді. Мердігердің салғырттығынан қажетті жабдық уақытылы жеткізілмеген. «Осыған байланысты келісімшартты бұзуға тура келді», – дейді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.
Нұрлан Рамазанов, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- Бізде кейбір мердігер компаниялар бар. Ол тек Алтай қаласында, Алтай ауданында емес. Барлық жерде бар. «Недобросовестные поставщики» дейміз. Ондай жағдайлар бар. Біз заңдылық төңірегінде қарсы санкция қабылдап жатырмыз.
Жұмысты жандандыру үшін енді қайтадан мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялау қажет. Оның уақыт алатыны белгілі. «Осының салдарынан қала тұрғындарына қыркүйектің ортасына дейін ыстық су берілмейді», – дейді Алтай жылыту қазандығының басшысы Константин Неверов. Бұған қоса кадр тапшылығы да өткір тұр. Жауаптылар №1 қазандықты өз күшімен жөндеуге тырысқанымен, білікті техникалық маманның жоқтығы жағдайды қиындатып отыр. Ал бекітілген ережеге сәйкес басқа адамдарды жалдау мүмкін емес.
Константин Неверов, Алтай қаласы жылыту қазандығының бастығы:
- Өткен жылы жалақының аздығына байланысты бірнеше адам жұмыстан шықты. Кейін қалған жұмысшылардың санына байланысты тариф белгіленді. Енді біз басқа ешкімді қабылдай алмаймыз. Бекітілген сомадан артық ештеңе берілмейді.
Кәсіпорын 3 жылдан бері түрлі құзырлы орындарға хат жазып, заңнамаға өзгерістер енгізуді сұрап келеді. Мысалы, жабдықтың санына қарай штаттық кестені кеңейту мәсесі өзекті. Әйтпесе қазір мұнда зейнеткерлер жұмыс істеп жатыр. Олар салыстырмалы түрде аз жалақыға да келіседі. Мысалы, 72 жастағы білікті дәнекерлеуші Владимир Огнев зейнетақысымен қосқанда 350 мың теңге алады. Ал жұмысын жаңадан бастағандарға 160-170 мың теңге төленеді.
Владимир Огнев, дәнекерлеуші:
- Жас маман 6-шы санатқа жеткенше бірнеше жыл өтеді. Оның балалары өспей ме, қажеттілігі артпай ма? Осы мәселелерді зерделеу қажет. Отбасын асырау оңай емес. Оған қоса несие бар.
Өңірде былтыр жылу энергетиктерінің жалақысы орташа есеппен 250 мың теңгеге дейін көтерілді. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Соның салдарынан «Алтай» қазандығында 15 дәнекерлеушінің орнына бар болғаны қазір 7 адам жұмыс істеп жатыр. Ал 10 машинист орнын 8-і басады. «Десе де мұндай қиындықтарға қарамастан жылыту маусымына дейін барлық жұмыс аяқталады», – дейді жауаптылар. Ал №1 жылыту қазандығын желтоқсанға дейін іске қосуға уәде беріп отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов.