Қазақстан армиясы Орталық Азияда үздік атанды

Жыл соңына дейін еліміздің қарулы күштері жаңа брондалған техникамен толығады.

Сонымен қатар жоғары дәлдікке ие зымыранды кешендер мен жойғыш ұшақтарды да сатып алу жоспарланған. Бұл жөнінде қорғаныс министрлігі мәлімдеді. Жалпы бүгінде қазақ армиясы Орталық Азия төңірегінде үздік деп саналады. Оған Global Firepower қарулы күштердің жаһандық рейтингі дәлел. Мұнда біздің мемлекет Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Қырғызстан елдерінің әскерлерін артта тастап, 58-орынға жайғасқан.

Әскер саны, технологиялық даму деңгейі мен дағдарыс жағдайындағы іс-әрекеттері. Жаһандық рейтинг сарапшылары негізінен осы критерийлерге басымдық береді. Бұл бағыт біздің қарулы күштерімізде жақсы жолға қойылған. Қаржыландыру көлемі артып, жаңа заманауи техникалар алынып жатыр.

Бұл жолы жаһандық рейтингке әлемнің 145 мемлекеті енді. Қазақстан 58-орынға ие болып, өзінің былтырғы көрсеткіштерін жаңартып, 5 позицияға жоғарылаған. Қазір қарулы күштердің әлеуетін арттыру үшін бірқатар бастамалар қолға алынған. Мәселен, 7 жылға арналған арнайы тұжырымдама да бекітілді. Құжатқа сай министрлік барлық әскери құрылымдарды заманауи қару-жарақпен және техникамен қамтамасыз ететін болады. 

Ербол Бегілдаев, ҚР ҚМ Әскери-техникалық саясат департаменті бастығының орынбасары:

- Арнайы мақсаттағы бөлімшелерді және құрлық әскерлерін жарақтандыру үшін ағымдағы жылдың соңына дейін 60 бірліктен астам бронды дөңгелекті машинаның түрлі модификациясын күтудеміз. Ал әуе күштері үшін әскерлер мен жүктерді жедел жөнелту мүмкіншіліктерін кеңейту мақсатында ағымдағы жылдың соңына қарай ауыр жүк көтергіш А-400 әскери-көліктік авиациялық бірінші ұшағын күтіп отырмыз. 

Техникадан бөлек қорғаныс министрлігі сарбаздардың білімі мен біліктілігін шыңдауға баса мән береді. Былтыр әскери оқу орындарында 11 жаңа мамандық ашылған. Шетелде білім алуға берілетін квоталар қысқартылып, өзіміздегі білім беру деңгейінің сапасы жақсартылды. 

Нұрлыхан Темірбеков, ҚР ҚК құрлық әскерлері бас штабы бастығының орынбасары:

- Бізге білікті, білімді, саналы, өз маманының шебері офицерлер қазір қажет. Сондықтан осы сержанттар құрамын, офицерлер құрамдарын білімдерін арттырып жатырмыз. Осы жағдайда бізде Сардар және Тактика-1, Тактика-2 деген курстар жүргізіледі. Бұл курстар офицерлердің, сержанттардың өздерінің мамандарын шыңдауы үшін және тағы да басқа лауазымдарға тағайындалуы үшін өткізіледі. 

Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша бүгінде қазақ әскері Орталық Азия аумағындағы ең мықты армияның бірі болып табылады. Іргедегі көршілеріміз Өзбекстан мен Қырғызстан бұл рейтингте 65 пен 100-орынға тұрақтаған. Ал әлем бойынша көшті АҚШ әскері бастап тұр.

Риат Шони, Ерлан Наурызбаев