Гүлдала ауылында 10 жылдан бері жаяу жүргінші жолы жоқ

«Оқушылар үйлеріне жеткенше алаңдап отырамыз». Алматы облысының Талғар ауданындағы «Дана» жекеменшік мектебінің ұжымы осылай дейді.

Себебі Гүлдала ауылының оқушылары жаяусоқпақ жолы жоқ тар көшемен жүруге мәжбүр, деп хабарлайды 24kz.

Одан қалса күре жолдың бойындағы өткел де қауіпті екен. 10 жылдан бері мәселенің шешімі табылмай келе жатыр.

Бұл – Жаңа Қуат шағын ауданы жанындағы жалғыз білім ошағы. 2014 жылы ашылған жекеменшік мектеп 10 жылдан бері инфрақұрылым мен балалардың қауіпсіздігі үшін күресіп келеді. Басты талап – оқушыларға тротуар мен күре жолдан өтетін бағдаршам керек.

Рената Төлегенова, «Дана» жекеменшік мектебінің директоры:

- Сол кезде мектеп құрылысын тұрғызыңыздар, әкімдіктен жол салынады, одан инфрақұрылым су тартылады, басқа да шам, электр қуаты жіберіледі деген. Көмек көрсетіледі деп айтылған болатын. Оның бәрін өз қаражатымызға істеуге тура келді.

Марат Жапаров, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі:

- Мысалы 10 жылдай болды осы сұраққа, мектеп салынды енді тротуар, қауіпсіздік болу керек қой балаларға. 1200 бала оқиды. Мысалы Оңтүстік Кореяны алайық, Германияны, Финляндияны алайық, осындай көтерілген сұрақтарды бір айда шешіп тастайды.

Мектепке апаратын жалғыз көшенің ені – 4 метр. Екі көлік қарсы жүре алмайды екен. Таңғы және кешкі уақытта оқушылар машиналардың арасымен жүруге мәжбүр. Тар көшенің асфальтын мектеп өз қаражатына төсеген. Талғар ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Әскербековтің айтуынша, ауылдың бас жоспары тамыз айында бектіліпті. «10 жылда шешілмеген түйін жақын арада шешіледі», - дейді.

Әнуар Әскербеков, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:

- Жаяу жүргінші жолы, ол сұрақты қазір екі айдың ішінде шешуіміз керек. Ал кеңейту керек болатын болса, бас жоспарда қазір жол, бәрі отырғызылған. Бас жоспарды негізге алып ертең мемлекет мұқтажына алатын боламыз. Геодезистер Үкіметтің жерінің шекарасын көрсетеді және бас жоспардың негіздемесімен халықпен түсіндірме жұмысын жүргізіп, ертең мектепке жолын ашып береміз.

Ауыл тұрғындары мектептің маңайындағы көшелердің қиылысына бағдаршам орнатуды сұрап өтініш жазған. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе де шешіледі.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев