Маңғыстау облысында оқушылардың неден уланғаны белгілі болды

Маңғыстау облысының Бесшоқы ауылында оқушылардың неден уланғаны белгілі болды, деп хабарлайды 24KZ.

Санитариялық тексерулер картоп езбесі мен құс етінен әзірленген котлет және компот құрамында патогенді микробтың барын анықтады. Сондай-ақ ыдыс жуып, ас тарататын әйелдің дизентерия бактериясын тасымалдаушы екені белгілі болды. Уәкілетті орган 4 асхана қызметкерінің жеке медициналық кітапшасына жалған мәлімет жазылғанын анықтап, прокуратура және полицияға хабар берді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Айта кетейік, өткен аптада ауруханаға жатқызылған 98 баланың жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды. 

Асылбек Шаров, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Қорытындыға сәйкес мектеп асханасын санитариялық-эпидемиологиялық тексеру барысында өрескел санитарлық бұзушылықтар анықталды. Алынған сүртінді сынамаларының 20%-нен ішек бактериялары дәлелденді. Мектеп асханасында жұмыс жасайтын 10 қызметкерден, бір медициналық қызметкерден және бір жеке кәсіпкерден алынған бактериологиялық тексеру нәтижесінде 6 маманнан стафилакокк таяқшалары анықталды. Осы жағдайлар топтасқан бактериялық жұқпалы ішек ауруларының туындауына әкелді.